"Құрылтайға арқалап барамын": Аша Матай депутат болудан айнып қалған жоқ

04.08.2026 09:20 Қарақат АСЫЛОВА
225
Фото: әлеуметтік желіден

Танымал тележүргізуші әрі актриса Аша Матай әлеуметтік желіде өзі туралы тараған қаңқу сөздерді үзілді-кесілді жоққа шығарып, Құрылтай депутаттығына үміткерліктен бас тартпайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Шілде айында Орталық сайлау комиссиясы «Қазақстан Халық партиясы» атынан ұсынылған 72 кандидаттың тізімін бекітіп, оның қатарына шын есімі Ақбота Асқарбекова ретінде белгілі Аша Матай да енген болатын. Тележүргізушінің саясатқа араласуы қоғамда қызу талқыланып, әлеуметтік желілерде түрлі сын тудырған еді. Осы оқиғалардан кейін жұрт арасында өнер иесі сайлаудан өз кандидатурасын қайтып алды деген ақпарат тарай бастаған.

Алайда актриса бұл сөздердің шындыққа жанаспайтынын және халықты шатастыру мақсатында әдейі ұйымдастырылғанын алға тартты. Оның сөзіне қарағанда, мұндай жалған ақпаратты тарату арнайы тапсырыспен жасалып отыр. Өнер иесі саяси додада соңына дейін күресетінін жеткізіп, өзін қолдайтын оқырмандарынан сенім артуды сұрады.

«Мен туралы жалған ақпарат таратыпты. Кейбіреулер халықты шатастырып, мені өз үміткерлігімді, яғни кандидатурамды алып, депутаттықтан бас тартты деп жатыр. Әрине, бұл мәселе тапсырыспен болып жатыр. Мен құрылтайға үміткермін. Депутат боламын деп өзіме сенемін. Маған сенген адамдар, азаматтар, оқырмандарым, тыңдармандарым өздеріңіздің мұң-мұқтаждарыңызды маған айтыңыздар, жазыңыздар, сенім артып қолдаңыздар. Сіздердің маған артқан жүктеріңізді Құрылтайға арқалап барамын, сіздер үшін күресемін. Мен сынбаймын, жігерім мен мінезім жетерлік. Құдай қолдасын, ағайын», – деді Аша Матай.

Войдите, чтобы оставить комментарий