Қырғызстанда экс-президент Атамбаевтың ұлы билікті күшпен басып алмақ болды деген күдікпен қамалды

24.11.2025 09:41 Арман Ермеков
Қырғызстанда экс-президент Атамбаевтың ұлы билікті күшпен басып алмақ болды деген күдікпен қамалды
0
231
Фото: facebook.com/kadyratambaev

Қырғызстанда экс-президент Алмазбек Атамбаевтың ұлы Қадырбек Атамбаев екі айға темір торға қамалды, деп хабарлайды Politico.kz сайты 24.kg сілтеме жасап.

Бішкек қаласының Бірінші май аудандық соты жаппай тәртіпсіздік ісі бойынша бірқатар саяси тұлғаларға қатысты бұлтартпау шарасын өзгертті. Фемида өкілдері тергеушілердің өтінішхатын қанағаттандырып, күдіктілерді 17 қаңтарға дейін тергеу изоляторына қамау туралы шешім шығарды. Қадырбек Атамбаевтан бөлек, қамауға алынғандар тізімінде Темірлан Сұлтанбеков, Ермек Ерматов, Урмат Асқарбеков, Шайлообек Атазов және Қубанычбек Қадыров бар.

Бұрынғы мемлекет басшысының ұлы өзіне тағылған айыптың бұрынғыдан да ауырлағанын мәлімдеді. Егер бастапқыда оларға жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айып тағылса, енді тергеу органдары істі «билікті күшпен басып алуға оқталу» бабына ауыстырған.

Еске сала кетейік, бұған дейін қырғыз елінің құқық қорғау органдары Жоғорғы Кеңес сайлауынан кейін ел ішінде іріткі салғысы келген деструктивті топтың жолын кескен болатын. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, бұл қылмыстық топтың құрамына саяси қайраткерлер, экс-депутаттар мен күш құрылымдарының бұрынғы қызметкерлері кірген. Олар өз мақсаттарына жету үшін арандатушылық жасауға бейім спортшылар мен ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерін де тартқан көрінеді.

Ұсталғандардың жоспары бойынша, сайлау қорытындысы жарияланған сәтте ел аумағында наразылық отын тұтандыру көзделген. Оқиғалар тізбегі алдымен оңтүстік өңірлерден басталып, кейін Бішкек пен басқа да аймақтарға ұласуы тиіс еді. Қастандық ұйымдастырушылары әкімшілік ғимараттар мен телеарналарды басып алып, қару-жарақ қоймалары мен түзеу мекемелеріне шабуыл жасауды жоспарлаған. Осылайша олар жасанды түрде халықтың жаппай наразылығын тудырып, елдегі билікті құлатуды көздеген.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий