Қыркүйектен бастап қазақстандықтар несиені айыппұлсыз мерзімінен бұрын өтей алады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазақстандықтар үшін маңызды жаңалықты хабарлады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Осы жылдың 31 тамызынан бастап жеке тұлғалар банктік қарыздарын ешқандай айыппұлсыз немесе комиссиясыз кез келген уақытта мерзімінен бұрын өтей алады. Бұл норма бұрын жасалған келісімшарттарға да қатысты болады.
Қазақстанда қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғауды күшейтетін жаңа заңнамалық норма күшіне енеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, 31 тамыздан бастап банктер мен қаржы ұйымдары жеке тұлғалардан кредитті мерзімінен бұрын өтегені үшін айыппұл санкцияларын талап ете алмайды.
Бүгінгі күнге дейін қолданыста болған ережеге сәйкес, банктер бір жылға дейінгі қарыздар бойынша алғашқы алты айда және бір жылдан астам мерзімге берілген қарыздар бойынша бірінші жыл ішінде кредитті мерзімінен бұрын өтеген клиенттерге айыппұл салуға құқылы болды. Жаңа ереже бойынша бұл шектеу толығымен алынып тасталады, бірақ айыппұл санкциялары заңды тұлғалар үшін сақталады.
Агенттік 31 тамызға дейін төленіп қойған айыппұлдар мен өсімпұлдардың қайта есептелмейтінін және қайтарылмайтынын ескертеді. Жаңа норма тек осы күннен кейінгі операцияларға қатысты болады.
Сондай-ақ, ведомство кредитті мерзімінен бұрын өтеудің артықшылықтарын еске салды. Бұл қарыз алушыға пайыздық артық төлемді азайтуға, борыштық жүктемені жеңілдетуге және кредиттік тарихты жақсартуға мүмкіндік береді. Ішінара өтеу кезінде клиент ай сайынғы төлемді азайтуды немесе несие мерзімін қысқартуды таңдай алады.
Соңғы жаңалықтар





