Қытайда 33 миллион доллар пара алған бұрынғы спорт министрі өлім жазасына кесілді
Қытай соты елдің бұрынғы спорт министрі Гоу Чжунвэньге қатысты ақтық үкім шығарды. Ірі көлемде пара алды және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп танылған шенеунік өлім жазасына кесілді, деп хабарлайды China Daily.
Сот шешімінде жазаның орындалуы екі жылға кейінге қалдырылатыны көрсетілген. Тергеу мәліметтеріне қарағанда, Гоу Чжунвэнь 2009 бен 2024 жылдар аралығында түрлі жоғары мемлекеттік лауазымдарда болған. Осы 15 жыл ішінде ол өз ықпалын пайдаланып, жекелеген компаниялар мен кәсіпкерлерге коммерциялық жобаларды кедергісіз жүргізуге көмектескен. Осындай қолдауы үшін ол жалпы сомасы 236 миллион юань (шамамен 33,4 миллион АҚШ доллары) пара алған.
Сонымен қатар сот экс-министрдің билікті теріс мақсатта пайдаланғанын дәлелдеді. Мәселен, 2012-2013 жылдары Бейжің мэрінің орынбасары болып тұрған шағында, ол ірі жобаны сатып алу кезінде заңсыздықтарға жол берген. Бұл әрекеті мемлекеттік мүлікке орасан зор зиян келтіріп, қоғам мүддесін аяққа таптаған. Осы эпизод үшін оған қосымша 5 жыл түрме жазасы тағайындалды.
Қылмыстардың жиынтығын ескере отырып, сот оның дүние-мүлкін тәркілеп, саяси құқықтарынан өмір бойына айыру және өлім жазасына кесу туралы шешім қабылдады. Ал заңсыз жолмен келген ақша мен оның үстемесі толықтай мемлекет қазынасына қайтарылуға тиіс.
Айта кетерлігі, Қытай заңнамасы бойынша екі жылдық сынақ мерзімінде сотталушы жаңа қылмыс жасамаса, өлім жазасы әдетте өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына алмастырылады. Тіпті кейіннен үлгілі тәртібі үшін мерзімі қысқартылуы мүмкін еді.
Алайда бұл жолы сот ешқандай жеңілдік болмайтынын айтты. Қылмыстың ауырлығы мен оның қоғамға тигізген кесірі соншалық, Гоу Чжунвэнь шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу құқығынан айырылды. Бұл дегеніміз – жазасы жеңілдетілген күннің өзінде, ол енді бостандық көрмейді және ғұмырының соңына дейін түрмеде отырады.
Соңғы жаңалықтар