Қыз зорлаған блогер ақша төлеп бостандыққа шықты

18.04.2026 10:49 Арман Ермеков
Қыз зорлаған блогер ақша төлеп бостандыққа шықты
261
Фото: Instagram/duman_neo

Алматыда қыз зорлаған танымал блогердің жазасы айыппұлға ауыстырылып, бостандыққа шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Адвокат Рена Керимованың айтуынша, Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты 2025 жылдың 24 қарашасында осындай шешім шығарған. Сотталушы Ерханат Думанның өтелмеген 2 жыл 7 ай 22 күн жазасы 945 мың 646 теңге айыппұлға ауыстырылды.

Оқиға 2022 жылдың соңында болған. Блогер өзінің парақшасында қаржылық сауат ашып, криптовалюта саудасын үйретемін деп жарнама жасаған. Ол қызды үйіне шақырып, күш қолданады. 2023 жылы сот оны кінәлі деп тауып, 5 жылға бас бостандығынан айырды. Кейін апелляциялық сот оны ақтап шыққанымен, 2024 жылдың 18 маусымында Жоғарғы сот алғашқы үкімді күшінде қалдырып, блогер қайта қамауға алынған болатын.

Қорғаушының сөзінше, жазаны жеңілдету шешімі жәбірленушінің қатысуынсыз қабылданған.

"Сот жәбірленушіге отырыс уақыты мен орны туралы ескертілді деп жазғанымен, шын мәнінде оған дұрыс хабарланбаған. Осылайша ол сотқа қатысып, жазаны жеңілдетуге қарсы екенін айта алмай қалды. Біз әзер дегенде апелляциялық шағым түсіру мерзімін қалпына келтірдік", – деді Рена Керимова.

Ол адам зорлау қоғамға қауіпті қылмыс екенін еске салды. Қорғаушының айтуынша, сот шешім шығарар кезде блогердің түрмедегі жақсы тәртібін, жұмыс істегенін және шығынды өтегенін ғана ескерген.

Шағым 22 сәуірде Павлодар облыстық сотында қаралмақ.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий