Қызы туған әкесін үйінен қумақ болды: Сот күтпеген шешім шығарды

18.07.2026 11:34 Қарақат АСЫЛОВА
Қызы туған әкесін үйінен қумақ болды: Сот күтпеген шешім шығарды
263
Фото: istockphoto.com

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот өз қызының атына рәсімделген тұрғын үйден әкесін шығару туралы дауға қатысты соңғы шешім шығарды, деп хабарлайды Politico.kz.

Іс материалдарына сәйкес, тұрғын үйдің заңды иесі саналатын әйел сотқа жүгініп, әкесін үйден шығаруды талап еткен. Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырғанымен, кейін апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойған.

Сот талқылауы барысында жауапкердің талапкердің туған әкесі екені және оның 2022 жылдың қыркүйегінен бері аталған үйде заңды негізде тұрып келе жатқаны анықталды. Сонымен қатар тұрғын үй иесі осы уақытқа дейін әкесінің үйде тұруына қарсылық білдірмегені белгілі болды.

Апелляциялық сот шешім қабылдау кезінде «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 68-бабына сүйеніп, меншік иесінің отбасы мүшелері тұрғын үйді иесімен тең дәрежеде пайдалануға құқылы екенін атап өтті. Сондай-ақ сот әкесін үйден шығару оның жалғыз баспанасынан айырылуына әкелуі мүмкін екенін ескерді.

Нәтижесінде Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот апелляциялық соттың ұстанымын қолдап, оның шешімін өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, қызының талабына қарамастан, әкесі аталған тұрғын үйде тұру құқығын сақтап қалды.

Войдите, чтобы оставить комментарий