Қызылордада жасөспірім қызды зорлау ісі: прокуратура спорт басқармасының мәліметін жоққа шығарды
Қызылорда облысында кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікке ілінген жаттықтырушыға қатысты тың деректер белгілі болды. Прокуратура оның 2024 жылы жұмыстан шығарылғаны туралы спорт басқармасының мәліметі шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.
Сырдария аудандық прокуратурасы агенттіктің ресми сауалына жауап беріп, Тереңөзек кентінің тұрғынына қатысты Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша қозғалған істің мән-жайын түсіндірді.
Прокуратураның мәліметінше, күдікті 2023 жылғы 4 қаңтарда Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Қайсар» спорт клубына жаттықтырушы болып қабылданған.
Ол 2024 жылы емес, 2025 жылғы 18 қыркүйекте қызметінен босатылған. Осылайша, прокуратура облыстық спорт басқармасының бұған дейін таратқан ақпаратын жоққа шығарды.
Тергеу органы Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабына сәйкес облыс әкімдігіне арнайы ұсыныс енгізген. Прокуратура істің заңды әрі әділ тергелуі ерекше бақылауда екенін жеткізді.
Қыздың туыстарына да қылмыстық іс қозғалған
Бұл оқиғаға байланысты жәбірленушінің отбасы мүшелері де тергеуге іліккен.
Прокуратураның мәлімдеуінше, тергеу барысында қыздың туыстары күдіктілерді ұрлап әкетіп, оларға күш қолданғаны анықталған.
Осыған байланысты Қызылорда облысының полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 389-бабының 3-бөлігі және 125-бабының 2-бөлігінің 1, 3-тармақтары бойынша қылмыстық істер тіркеген.
Бұл іс бойынша 4 адам ұсталған. Оның екеуіне үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Бұдан бөлек, тергеу кезінде басқа адамдардың әрекеттерінен Қылмыстық кодекстің 122-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері анықталған. Полиция осы бап бойынша да іс қозғап, тергеуді бастаған.
Жәбірленуші мен прокуратураның айтқаны екі түрлі
Бұған дейін жәбірленуші Kazinform тілшісіне тергеушілер қылмыстық іс материалдарымен танысуға мүмкіндік бермей, құжаттарға оқымай қол қоюға мәжбүрлегенін айтқан.
Алайда прокуратура бұл мәліметті жоққа шығарды.
Ведомствоның мәлімдеуінше, жәбірленушінің заңды өкілі мен өкілі қылмыстық іс материалдарымен толық танысып, тиісті құжаттарға қол қойған және олардың көшірмелерін алған.
Қазір іс материалдары Қылмыстық-процестік кодекстің 302-бабына сәйкес қосымша тергеу жүргізу үшін Қызылорда облысының полиция департаментіне жолданған.
Еске салайық, биыл қыркүйекте Қызылорда облысында кәмелетке толмаған қызды зорлау ісі бойынша бірнеше күдіктінің қамауға алынғаны хабарланған болатын.
Жәбірленушінің отбасы президент пен құқық қорғау органдарынан істі ерекше бақылауға алуды сұраған. Сондай-ақ туыстары өздеріне қатысты қозғалған қылмыстық істердің де әділ тергелуін және кінәсі дәлелденбеген адамдардың құқықтары қорғалуын талап еткен.
Әзірге бұл істер бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар