«Қызылжар» ФК бухгалтеріне қатысты қатаң үкім шықты
Петропавл қалалық соты «Қызылжар» футбол клубының бұрынғы бас есепшісі Ольга Замелацкаяға қатысты қатаң үкім шығарды, деп хабарлайды Politico.kz
Миллиондаған қаржыны қалтасына басып, салықтан жалтарған 63 жастағы әйел енді өмірінің 7 жыл 6 айын темір тордың ар жағында өткізеді.
Судьяның шешімімен есепші сот залында бірден қамауға алынды. Бұған дейін ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүрген еді. Енді ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.
Тергеу деректеріне сүйенсек, бас есепші 2023 жылдан бастап жалған құжаттар жасау арқылы қаржылық алаяқтыққа барған. Оған Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша – сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі көлемде иемдену (189-бап) және салық төлеуден жалтару (245-бап) айыптары тағылды. Бұл іс сотта былтырғы шілде айынан бері қаралып келді.
Сотталған азаматша тек бас бостандығынан айырылып қана қоймай, қыруар қарызды қайтаруға міндеттелді. Нақтырақ айтсақ, ол «Қызыл-Жар СК» клубына келтірілген 67 млн 225 мың теңге шығынды және адвокаттың қызметі үшін 3 млн теңгені өтеуі тиіс.
Мұнымен шығын көлемі шектелмейді. Мемлекет қазынасына келтірілген залал одан да қомақты. Сот үкіміне сәйкес, Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің пайдасына 287 млн 163 мың теңге және 10 млн 721 мың теңге мемлекеттік баж салығы өндіріледі.
Сонымен қатар, Замелацкаяға алдағы 7 жыл бойы коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда материалдық жауапкершілігі бар басшылық қызметтерді атқаруға тыйым салынды.
Еске сала кетейік, бұған дейін клуб басшылығы мен ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Әли Әлиевтің арасында азаматтық дау туындап, футбол клубы экс-жаттықтырушыға қарсы талап арыз түсірген болатын. Тағы бір айта кетерлік жайт, Қазақстандағы футбол клубтарын жекешелендіру бағдарламасы аясында «Қызылжар» жекеменшікке өткен еді. Команданың жаңа инвесторы ретінде бизнесмен Сергей Кан танылған.
Соңғы жаңалықтар