"Раббысына аттанды": Мұхаммеджан Тазабек қайғылы хабарды естіртті

02.01.2026 15:34 Мөлдір Талғат Мөлдір Талғат
0
1472

Белгілі айтыскер ақын Мұхаммеджан Тазабек әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм құдасы Әлімбек Омарға арналған жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.

Ақынның айтуынша, ол Әлімбек Омармен ширек ғасырға жуық аға-інідей араласып, кейін құдандалы болып, бір-біріне ет жақын туысқа айналған.

«Ширек ғасыр аға-іні болып сыйласып, соңғы жылдары құда болып, тіпті ет жақын туысқа айналған Әлімбек Омар көкем кеше Раббысына аттанды. Ол мен көрген ең бақытты, ең берекелі жандардың бірі еді», – деп жазды Мұхаммеджан Тазабек.

Ақын марқұмның ата-анасына деген құрметін, ел мен дін жолындағы еңбегін ерекше атап өтті.

«Әкесі Далбай ақсақал мен анасы Бүбираны алақанына салып, өмірден өткенше батасын алып өтті. Ағайынның ұйытқысы болып, елді иман мен ізгілікке ұйыстырды. Қордайдың Алға ауылынан бастап, Астананың төріне дейін жазғы лагерьлер ұйымдастырып, мыңдаған отбасының баласына әдеп пен иба үйретті, жүректерін Құран нұрына толтырды», – дейді ол.

Сондай-ақ ақын Әлімбек Омардың мінезі мен адамгершілік болмысын ерекше тебіреніспен сипаттады.

«Мінезі шын мәнінде көркем еді – досты сағындыратын, дұшпанды да дос қылатын қасиетке бай болатын. Үлкендер алдыға салып, кішілер кісілігінен үлгі алатын. Алла тазартып алайын дегендей, соңғы бес жыл дертпен күресті… Ақыры сол ауыр сынақ алып тынды», – деп жазды ол.

Жазбасының соңында Мұхаммеджан Тазабек марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, ақ тілегін жеткізді.

«Берекелі әулеттің берері де, көрері де таусылмасын. Әлімбек ағамның туған-туыстарына, жары Рая тәтеге, перзенттеріне қайғырып көңіл айтамын. Алла Тағала рахымына алып, Фирдаус жәннатын нәсіп етсін. Иманды тұлғаның ізгі істері өлмесін», – деп түйіндеді ақын.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий