Ресейде клоундар азайып барады
Ресейде кәсіби клоундардың тапшылығы байқалады. Бұл туралы ресейлік танымал цирк әртісі, РСФСР халық әртісі Анатолий Марчевский «Московский комсомолец» басылымына берген сұхбатында айтты.
Әртістің сөзінше, бүгінде сахнаға шығып жүргендердің көпшілігі жай ғана күлдіргі костюм киген көңіл көтерушілер, ал нағыз клоун жеке дара тұлға. Мұндай әртістер өз мінезін, көзқарасын, өмірге деген философиясын көрерменге репризалар арқылы жеткізе білуі тиіс.
Марчевский қазір МосИТИ институтында клоунада өнерінен сабақ беріп жүр. Оның айтуынша, қазір цирк сахнасында жаңа есімдер сирек кездеседі, тіпті кей бағдарламалар клоунсыз өтеді.
«Клоун - цирктің жүрегі. Ол көрерменнің күлкісін тудырып қана қоймай, бүкіл спектакльдің біртұтастығын қамтамасыз етеді. Нағыз клоун ерекше тұлға. Оның өзіне тән философиясы мен өмірге көзқарасы болуы керек. Бетіне бояу жағып, түрлі түсті киім кигеннің бәрі клоун емес. Онсыз цирк өзінің тұтастығын жоғалтады», - дейді ол.
Өнер иесі кезінде Екатеринбургте он жыл бойы дүниежүзілік клоундар фестивалін өткізгенін еске алды. Сол уақытта әлем бойынша небәрі 120 кәсіби клоун табылған.
«Бұл күлкі мен әзілдің таңғажайып мерекесі болды. Фестивальге тек әлемнің үздік клоундары шақырылды. Елестетіп көріңізші, жеті миллиард адамның ішінде жүз жиырма ғана шынайы клоун таба алдық. Олар өз елдерінің әзілін ұсынған тұлғалар еді. Нағыз клоун бұл сирек кездесетін өнім. Мұндай өнім жайдан-жай, бос жерден пайда болмайды. Мұндай өнер үлкен еңбек пен шығармашылық ортаның арқасында қалыптасады», - дейді Марчевский.
Бүгінде ол шәкірт тәрбиелеуді өзіне міндет санайды.
«Біздің мақсат сиреп бара жатқан клоундар қатарын толықтыру. Бұл әрі қиын, әрі қызық жұмыс. Нағыз күлкі тудыратын әртіс өмірді жақсы көретін, адамдарға қуаныш сыйлай алатын адам», - дейді цирк шебері.
Соңғы жаңалықтар