"Сатқын емеспін". Тасмағамбетов шұғыл мәлімдеме жасады 

30.03.2025 13:19
0
78
Фото: видеодан кадр

ҰҚШҰ төрағасы Иманғали Тасмағамбетов өзін "ресейшіл сатқын" деп қаралап, жала жапқандарға жауап беріп, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

“Қадірменді ағайын! Менің өмір жолымды қалың қазақ біледі ғой деп ойлаймын. Егемен ел болғалы ел игілігіне азда болса өз үлесімді  қосқандаймын. Әрине “Ауыр жол— атаңды сынайды, Ауыр іс — адамды сынайды” деген. Осы жолда талай сый да, сын да болды. Оның ішінде қадіріңді байыптағандар да, жалған жала жауып, бос айыптағандар да болды. Дегенмен сол жалған айыптарға көңіл бөлмедім. Сотқа жүгініп кеткен есемді ешкімге артпадым. Өйткені атам қазақ айтпақшы: “Ақтың атын ақымақ өшіре алмайды”. Қашан да әр мәселенің әділдігін адам көрмесе де, Алла көреді деген қағидаға сүйендім. Десе де, өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай болған мына әлеуметтік желіге сенген кейбір адамдар үндемегенді басқа теуіп, табанына тастауға даяр. Жағадан алып, жаныұштауға құмар екеніне көзім әбден жетті. Сондықтан да азды көп абырой атымды болымсыз ортаның саудасына салмай барша айып таққыш жараңға бір жауабын берсем деп шештім.

Туған жерінде салмағы жоқ, желі айдаған дәнсіз қауыз тәрізді кейбір бақытсыз жандар үшін мен "ресейшіл сатқын" екенмін. Сонда қалай?! Келіссөздің күші емес, зымыранның мысы басып тұрған мына заманда халықаралық әскери ұйымға туған елімнің атынан барып, қауіпсіздігі үшін отқа, мүддесі үшін суға түскенім үшін бе?! Егер дәл солай болса онда мен заманында “орысшылсың” деп айыпталған ұлы Абайдың сөзімен қайырайын: “Ғалымнан надан артпас ұққанменен, Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен”,- дейді. Яғни жүрегің азаптан жарылайын деп тұрса да, қадіріңді білмегендердің арасында еңсемді түсірме деген. Сондықтан түсінгендерді бағалап, түсінбегендерді саралап өтетін өмір бұл…

Әлеуметтік желіде отырып алып, мән-жайды анықтамастан, жалған ақпарат тарату өте оңай. Қиыны, ар алдындағы жауап. Жұртым сеніп мойныма артқан қай қызмет, қай жұмыс болсын ұялатын жерім жоқ. Мен үшін халқымыздың мүддесінен биік ешнәрсе болған емес. Бүгінде елден жырақ жүрсем де, туған елдің әрбір жетістігі мен жемісі мәнді, сағынышы тәтті. Әрине мен үшін еліміздің сенімінен шығу жолында мемлекетіміздің мүддесін сыртта сақтап жүргізудің маңызы өте зор. Оған қоса мұндай мәртебелі міндеттің үдесінен шығу да халқымыздың рухани қолдауы қашан да қымбат. Ораза Айта құтты болсын! Ұстаған оразаларыңыз, ізгі тілектеріңіз қабыл болсын! Еліміз аман болсын" - деді Иманғали Тасмағамбетов.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий