Саясат Нұрбек: Тіл үйрену фитнес сияқты тәртіпті талап етеді
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тіл меңгерудің ғылыми негіздері мен бұл бағыттағы жеке тәжірибесіне тоқталды. Шет тілін үйрену тез нәтиже беретін сиқырлы әдістерге емес, мидың физиологиялық процестері мен тұрақты жүйеге сүйенеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы министр «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында әңгімеледі.
Министрдің айтуынша, жаһандану дәуірінде тіл білу жоғары деңгейдегі халықаралық коммуникация үшін стратегиялық маңызға ие. Дегенмен, кез келген тілді еркін меңгеру ұзақ әрі ғылыми негізделген процесті талап етеді.
«Тіл, әсіресе қазіргі жаһандану дәуірінде, өзіміз көріп отырғандай, өте маңызды. Жаңа Президент туралы айтқанындай, сіз тікелей ең мықты президенттермен, ең мықты ел билейтін азаматтармен тікелей қарым-қатынаста сөйлескенде, сұрақтарды шешкенде мүлдем басқа деңгейге шығасыз. Жалпы, менің бірнеше нәрсе айтқым келеді. Біріншіден, тілді үйрену... Енді бәріміз қалаймыз, бәріміз «ойбай, қалай, мен де тіл үйренсем» дейміз. Бәрімізді қазір былай қарасаңыз, неше түрліден бастап: «Отырып, нақты тіл үйренемін» деген ниетіміз көп, бар ондай ниет. Бірақ тіл үйрену оңай емес. Шын мәнінде, шеберлік деңгейге жетіп, кәдімгідей адамдарды әзіл-қалжыңмен, ойбай, жылатып, күлдіріп сөйлейтін деңгейге жету оңай емес. Мысалы, мен ағылшын тілін сол деңгейде білемін, бірақ мен оны көп оқыдым. Ондай бір формула жоқ. Кезінде «Илона Давыдованың методологиясы, 25-кадр, өзінен-өзі қалыптасады» деген болды ғой, қалыптаспайды. Неге? Ол физикалық процеске қатысты. Біздің миымыздың ішінде нейрофизиология деген ғылым бар. Бір жаңа нәрсені үйрену үшін бізде миллиардтаған нейрон, кішкентай жасушалар бар. Сол жасушаларда синапсис деген бар, олар осылай бір-бірімен қосылады. Синаптогенез деген процесс бар. Оларды кәдімгідей микроскоппен көруге болады, былай байланысып кетеді де, міне, жаңа сөз үйрендіңіз. Осы процесс болмаған жағдайда, сіз миыңыздың ішінде ештеңе үйрене алмайсыз. Ол — физикалық процесс. Ол процесс, өкінішке орай, тек шынайы отырып, сол сөзді үйренген жағдайда ғана жүреді. Сондықтан мен бірнеше кеңес бергім келеді. Біріншіден, тілді үйренгіңіз келсе, шын мәнінде оған уақыт бөлуіңіз керек. Жаттығу сияқты ғой. Мысалы, бәріміз «о, мен қазір керемет барып, жаттығамын, сосын керемет денем болады» дейміз. Оны бір айдың ішінде жасай алмайсыз, 5 айдың ішінде де жасай алмайсыз. Оны кәдімгідей отырып бір жыл ма, екі жыл ма, сосын барып қана игересіз», — деді Саясат Нұрбек.
Саясат Нұрбек шығыс тілдерінің, атап айтқанда қытай тілінің ерекшелігіне тоқталып, тіл үйренудегі коммерциялық «жеңіл әдістердің» тиімсіздігін атап өтті. Министрдің сөзінше, нәтижеге жету үшін спорттағыдай тұрақты тәртіп қажет.
«Қытай тілі — өте күрделі тіл. Фонетикалық жағынан, грамматикалық және өзінің концептуалды табиғаты бойынша басқа тілдерге ұқсамайды, басқаша. Сондықтан, мысалы, біз де қазір ақырындап-ақырындап үйреніп жүрміз. Бірақ уақытымыз шектеулі. Сондықтан бір нәрсені түсінуіміз керек, біздің көрермендеріміз, достарымыз... Бұл жерде сиқыр жоқ, өкінішке орай. Егер ондай сиқыр болса, бәріміз тез үйреніп алатын едік. Сиқыр болса, бәріміз қазір «hello, hello, bonjour» деп жүрер едік. Оны бірден бизнеске айналдырып: «Пакеті 50 доллар, басыңызға кіріп, бірден сөйлеп кетесіз» дейтіндей мүмкіндік жоқ, өкінішке орай. Неге десеңіз, біздің миымыз осылай жасақталған, осылай жаратылған. Ондағы миллиондаған, миллиардтаған нейрондар бір-бірімен осылай қосылмаған жағдайда түк те болмайды. Сондықтан бұл — инвестиция. Осы инвестиция сізге керек пе, керек емес пе, оны жақсылап ойлануымыз керек. Ал шешім қабылданған жағдайда, бұл — дәл дене шынықтыру сияқты тәртіпті талап етеді. Фитнес сияқты, нәтиже де бірден болмайды. Дүйсенбі, сәрсенбі, жұма... Аптасына ма, үш рет пе, жылжып, күнде жарты сағаттан қарау керек. Бұл — тек тәртіппен ғана, жүйеге негізделген үлкен осындай интеллектуалды еңбек», — деді министр.
Соңғы жаңалықтар