Саясаттанушы Аша Матай туралы: Қылышың дайын болмаса, саясатқа мүлдем келмей-ақ қой

04.08.2026 13:38 Томирис САҒЫНДЫҚ
Саясаттанушы Аша Матай туралы: Қылышың дайын болмаса, саясатқа мүлдем келмей-ақ қой
137
Фото: instagram.com/asha_matai/

Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Аша Матайдың адвокат Мейірман Шекеевпен дебаттан бас тартқанына қатысты пікір білдірді. Айтуынша, саясат жынысқа бөлінбейді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Адал адам» подкастында айтты.

«Мәселе — сіз саясатқа келдіңіз бе, жынысыңызға немесе басқа да жағдайларға себеп іздеу — ол сіздің ұтылғандығыңыз. Саясатқа келген адам: «Мен әйелмін», «Мен мындаймын», «Мен жаспын», «Ағамды сыйлаймын» деп келмейді. Саясатқа келген адам шынайы саяси күреске дайын болуы керек. Саясат дегеніміз не? Жалпы саяси партияның басты принципі мен мақсаты — билікке жету. Жеткенде де, билікке таласу үшін, саясат отына кіру үшін сіз соған дайын болып келуіңіз керек. Бес қаруың дайын, ешқандай әлсіз тұстарыңды көрсетпеуге тырысуың қажет. Қалқаның өз алдыңда, қылышың қолыңда болуы керек. «Алға» деп додаға кірісіп кетуің керек. Егер ондайға дайын болмасаң, онда саясатқа мүлдем келмей-ақ қой. Аша Матайдың «Мен әйелмін, мен анандаймын» дегені, мысалы, ертеңгі күні ортада, қонаққа барғанда, ата-енесінің алдында жарасар — ол тәрбиелілік, оған сөз жоқ. Ал енді саясатқа келіп алып: «Мен әйелмін, сондықтан сізден жеңілдім» деу... Онда саясатқа не үшін келдің? Саяси партияға не үшін келдің? Менің ойымша, бұл жерде нақты бөлініс болуы керек: саясатқа не дайын болып кел, дайын болмасаң — келмей-ақ қой», — деді Қазбек Майгелдинов.

Ары қарай ол елде болып жатқан реформаларға тоқталып, өзгеріс әкелетін институттар туралы айтты.

«Реформаларды біз 2019 жылдан бері көрдік, бірнеше пакеттері болды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін де қаншама өзгерістер жасалды: Президенттің абсолюттік билігін шектеу, туысқандарының лауазымдар иеленбеуі сияқты реформаның негізгі біраз мақсаттары жақсы болып келді. Қазір, менің ойымша, сол реформалардың жалғасы ретінде бізде Құрылтай құрылайын деп жатыр, Құдай қаласа, Халық кеңесі құрылады. Бұл институттар өзгеріс алып келе жатыр. Ал бұл өзгеріс қаншалықты маңызды, бұл өзгеріс ертеңгі күні қарапайым адамның өмірін өзгертуге қаншалықты әсер етеді — оны біз алдағы уақытта көруіміз керек. Өйткені біз қазір «Бұл өзгерістерге келдік, жасадық» деп айтып отырмыз. Алдағы өтетін Құрылтай сайлауында өз таңдауымызды жасаймыз», — деді саясаттанушы.

Сондай-ақ, ол Қазақстан азаматтарын «барлығына қарсымын» бағанын таңдаса да, сайлауға қатысуға шақырды.

«Және менің басты айтарым: мәселе — «Бұл саясат менен алыс», «Саясатқа сенімім жоқ», «Саясатты өйтемін, бүйтемін» дегеннен гөрі, бұл — біздің негізгі құқығымыз. Дауыс беру, демократия дегеніміз де — осы. Барып қатыс, сосын барып сөйле! Ол жерде тіпті ең соңғы баған да бар: «Бәріне қарсымын» деген. Менің ойымша, бұл жердегі басты мәселе — сайлаушылардың «Сенесің бе, сенбейсің бе, көңілің қалды ма, қалмады ма?» дегенінен қарағанда, өз алдындағы негізгі қадамын жасауы керек. Сен — азаматсың, Қазақстан Республикасында тұрып жатырсың, кел де, дауысыңды бер! Сенесің бе, сенбейсің бе, қайсысына сенесің — содан кейін барып бәсекелес, даулас, пікіріңді айт. Өйткені бізде саяси мәдениет солай қалыптасуы керек. «Менің үйім шетте» деген түсініктен жұрдай болуымыз керек», — деді Қазбек Майгелдинов.

Войдите, чтобы оставить комментарий