Сегіз рет кесарь тілігін жасатқан әйел аман-есен босанды

28.08.2026 13:53 Томирис САҒЫНДЫҚ
Сегіз рет кесарь тілігін жасатқан әйел аман-есен босанды
56

Италияда әйел адам сегізінші рет кесарь тілігін жасатып босанды. Нәресте Веронадағы Борго-Тренто ауруханасында туған, деп хабарлайды Politico.kz.

 Бұл туралы ANSA ақпарат агенттігі жазды.

Кристина – сегіз баланың анасы. Ол барлық перзентін кесарь тілігі арқылы босанған. Төртінші жүктілігінен бастап оның денсаулығын Верона ауруханасының акушерия және гинекология бөлімінің меңгерушісі, дәрігер Валентино Бергамини бақылауға алған. Сегізінші отаны да Бергамини бастаған білікті хирургиялық топ жасады.

Дәрігерлер ота кезінде бұрынғы кесарь тілігінің орнын қайта пайдаланды. Осының арқасында тіндердің жыртылуына жол берілмей, қабаттасқан тыртықтардан туындайтын қауіп-қатер азайды. Мамандардың айтуынша, сегіз рет кесарь тілігін жасату – медицина тәжірибесінде өте сирек кездесетін оқиға. Сондықтан мұндай жағдайда бала көтеру кезінде де, операция барысында да қауіп-қатер жоғары болады. Себебі бұрынғы оталардан қалған тыртықтар уақыт өте келе құрсақ қабырғасы мен жатырды, сондай-ақ қуық пен ішекті бір-біріне жабыстырып жибереді. Осының салдарынан жамбас ағзаларының табиғи орналасуы өзгереді де, хирургтердің жұмысын ауырлатады.

«Оның үстіне, әрбір ота сайын қан кету және іргелес ағзаларды зақымдап алу қаупі арта түседі. Әсіресе баланың теріс келуі немесе бала жолдасының жатыр қабырғасына жабысып, ішке қарай өсіп кетуі жағдайды күрделендіреді», – дейді дәрігерлер.

Қауіптің жоғары болғанына қарамастан, ота сәтті өтті. Кристина мен оның күйеуінің отбасында сегізінші қыз бала – Луна есімді сәби өмірге келді. Кристинаның өзі туыстарының жан-жақты қолдауының арқасында операциядан ешқашан қорықпағанын айтты. Тек бұл жолы бұрынғы босануларына қарағанда сәл көбірек демалуына тура келген.

Войдите, чтобы оставить комментарий