Сенатта жаңа рақымшылық заңы мен әскерилерге үш есе жалақы төлеу мәселесі қаралмақ

08.06.2026 15:26 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Сенатта жаңа рақымшылық заңы мен әскерилерге үш есе жалақы төлеу мәселесі қаралмақ
84
Фото: Сенаттың Баспасөз қызметі

Бүгін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың басшылығымен өткен бюро отырысында 11 маусымға жоспарланған палатаның күн тәртібі бекітілді, деп хабарлайды Politico.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиын барысында спикер 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Конституцияның маңыздылығына тоқталып, ел азаматтарын мемлекет басшысының реформалары төңірегінде топтасуға үндеді. Оның сөзіне қарағанда, алдағы ауқымды өзгерістер ең алдымен Әділетті Қазақстанды құруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды жаңғыртулар жүзеге асырылуда. Соның аясында жаңа Конституциямыз қабылданып, Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Басты мақсат – Тәуелсіздігімізді нығайту, мемлекеттілігімізді күшейту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру. Көздеген мақсатқа жету үшін реформалардың жүйелі әрі мақсатты түрде жүргізілуін қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл жолда ұлт болып ұйысып, елдік пен ауызбіршіліктің озық үлгісін көрсету айрықша мәнге ие. Сондықтан, осындай тағдыршешті сәтте Мемлекет басшысының саяси бағдарының айналасында топтасу аса маңызды», — деді палата төрағасы.

Алдағы отырыста сенаторлар жаңа Ата заңның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасын талқылайды. Бұған қоса депутаттар атқарушылық іс жүргізу, сот орындаушыларының мәртебесі мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске де тиісті өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.

Күн тәртібіне шығарылған тағы бір елеулі құжат әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жақсартуды көздейді. Жаңа заңға сәйкес Қарулы күштер мен Шекара қызметінің сарбаздарына төтенше жағдайлардың салдарын жоюға немесе ланкестікке қарсы операцияларға қатысқан кезде жалақысы үш еселенген мөлшерде төленеді.

Сондай-ақ халық қалаулылары интернет сапасын арттырып, деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға арналған телекоммуникация нарығы туралы заңды қарайды. Бұл ретте дербес деректерді қорғау, газбен жабдықтау, электр энергетикасы, жол қозғалысы, жануарлар дүниесі, орман, аң және ара шаруашылығы сияқты салалық мәселелер мен халықаралық келісімдерді ратификациялау да назардан тыс қалмайды. Отырыс соңында депутаттар Мәжіліс бұған дейін қабылдаған заңдарды тұрақты комитеттер арасында бөліп қарау туралы нақты шешім қабылдады.

Айта кетейік, осы орайда Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелері дәл осы рақымшылық мәселесі бойынша Мәулен Әшімбаевқа арнайы ашық хат жолдағаны белгілі болды.

Войдите, чтобы оставить комментарий