"Сезім де, эмоция да жоқ". Баян Алагөзова экс-күйеуін соңғы рет қашан көргенін айтты
Продюсер әрі тележүргізуші Баян Алагөзова бұрынғы күйеуі Бақытбек Есентаевпен қазіргі қарым-қатынасы, өткенге деген көзқарасы және ішкі тебіреністері туралы айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Баян Алагөзова бұл туралы Аман Тасығанмен болған сұқбатта әңгімеледі.
«Соңғы рет оны, адаспасам, құдамыздың асында көріп едім. Тек көз қиығымен байқап қалдым, бетпе-бет кездесіп сөйлескен жоқпын. Бұдан бір жылдан астам уақыт бұрын құдамыз қайтыс болып, маусым айында жылы берілді, сонда жүргенін нақты білемін», — деді Баян Алагөзова.
Сондай-ақ продюсер денсаулығын қалпына келтіру кезеңіндегі қиындықтарды еске алып, бұрынғы оқиғаларға деген өкпе-реніштен арылғанын жеткізді.
«Мен бәрін баяғыда-ақ босатып жібергенмін, ішімде кек сақтамаймын, ол туралы ойлап басымды қатырмаймын. Мен кешіре де, өткенді босата да аламын, өйткені өткен өмір — ендігі елес қана. Бұл да менің дүниетанымымның бір бөлігі. Болып өткен, енді қайта айналып келмейтін нәрсені қайта-қайта ойлай бергеннен не пайда? Менің ашуланған кезім — сол бітпейтін оталарды жасатқан, жаным көз алдыма көрініп ауырған алғашқы 5 жыл болар. Үнемі ота жасатып, қайта қалпыма келумен болдым. Отадан кейін есімді жиған сайын, дене ауырсынуы батқандықтан ашуға булығатынмын. Тек сондай сәттерде осының бәрін бастан өткеруге мәжбүр болғаныма ызаланатын едім. Ал кейін бәрін өзгертудің еш мәні жоқ екенін, қолымнан келгеннің бәрін істеп, мүмкін болған дүниені қалпына келтіргенімді түсінген соң, бәрі сейілді... Баяғыда өткен-кеткен елеске айналды. Содан бері бойымда ешқандай сезім де, эмоция да жоқ», — деді продюсер.
Сонымен қатар медиа өкілі бұрынғы жұбайымен және оның жақындарымен қандай да бір байланыс орнатуға ниеті жоқ екенін атап өтті.
«Біріншіден, ол шақырмайды. Екіншіден, мен де бармаймын. Бірақ оларға бақыт тілеймін. Неге араласуым керек? Бұрын бірге тұрғанда да оның туыстарымен аса араласпайтын едім. Өйткені олар бізге сирек келетін, «Амансыз ба, сау болыңыз, жағдай қалай?» деп қана шектелетінбіз. Ешқашан қоян-қолтық араласып, дос болып кеткен емеспіз. Ал қазір, тіпті, араласпаймын», — деді Баян Алагөзова.
Соңғы жаңалықтар