Шиповских: Қарақұсованы «сенікі-менікі, өндірістікі» деп мазақтағанымыз дұрыс болмады

18.08.2026 21:21 Томирис САҒЫНДЫҚ
Шиповских: Қарақұсованы «сенікі-менікі, өндірістікі» деп мазақтағанымыз дұрыс болмады
69
Фото: stan.kz сайтынан алынды

Қазақ тілінің жанашыры, парламент мәжілісінің, сенаттың экс-депутаты Геннадий Шиповских мемлекеттік тілде сөйлеуге талпынып жүрген шенеуніктер туралы сөз қозғап, Гүлжан Қарағұсованы мысалға келтірді. Айтуынша, керісінше қазақ тілін үйреніп жүрген азаматтарға қолдау білдіру қажет, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында айтты.

— Мемлекеттік қызметкерлердің бәрі ана тілін, қазақ тілін, мемлекеттік тілді білуге міндетті деп ойлайсыз ба? — деп сұрады журналист.

«Әрине, білуі керек. Неге десеңіздер, бұл жерде мен қазақ тілі мәселесіне келген кезде бір нәрсені дұрыстап түсіндіргім келеді. Мысалға, біздің елімізде, өкінішке қарай, қалыптасқан дұрыс емес бір тенденция бар. Өзіміздің қазақтарымыз немесе түрлі этнос өкілдері қазақ тілін үйрене бастаған кезде, біз қолдаудың орнына оларды қорлай бастаймыз. Мазақ етеміз. Өкінішке қарай, ондай өте көп. Мен бір ғана мысал келтірейін. Мен алтыншы шақырылымда депутат болған кезде, айтулы Гүлжан Жанпейісқызы Қарақұсова деген апамыз болды. Мықты азамат! Мен сізге айтайын, ол кісі біздің еліміздің тәуелсіздігінің басында еліміздің бірінші қаржы министрі болды. Қателеспесем, мүмкін екінші, мүмкін үшінші шығар, бірақ сол кезде осы шаруаны ағыл-тегіл шешіп жүрген кісі болды. Ол кісі – біздің қаржы жүйемізді құрған азаматтардың бірі. Бірақ ол кісі, өкінішке қарай, өзі совет өкіметінде өмір сүргендіктен, қазақша сөйлеуге шамалы шорқақтау болды. Бірақ кейін, уақыт өте келе, ол кісі жаймендеп қазақша сөйлей бастап еді, осы біздің шоу-бизнестегі, КВН-дегілер «сенікі-менікі, өндірістікі» деп мазақ етті. Сол дұрыс па? Мен сізге айтайын, менің азаматтық позициям: бұл – дұрыс емес!» — деді Геннадий Шиповских.

Ары қарай экс-депутат өзін мысалға келтіріп, ағылшын тілін үйренген кезде қиындыққа тап болғанын айтты.

«Мысалы, мен бір кездері, 2019 жылы Америка Құрама Штаттарында оқуда болдым. Америка Құрама Штаттарына оқуға барар кезде мен ағылшын тілін жақсылап үйрендім. Оқыдым, ағылшын тілін, Американың жалпы Ата заңын, тарихын оқыдым, ертең барғанда ұятқа қалмайыншы деп. Сонда Америкаға барған кезде мен дәл қазір қазақша сөйлегендей еркін сөйлеген жоқпын ағылшынша, бірақ өзімнің ойымды жеткізе алдым. Кейде сөйлеген кезде қате кетіп қалғанын біліп отырдым. Сонда мені бірде-бір америкалық келемеждеген жоқ. Мен Америкада оқып жүрген кезде бірнеше отбасыда өмір сүрдім. Біреуі де маған: «Хей, Геннадий, сен не деп отырсың? Сен дұрыс сөйлей алмайсың», – деп мазақ еткен емес. Олар көрді: менде талпыныс бар, мен сөйлеп жатырмын. Олар бар болғаны менің сөйлеген сөзіме басқа өзінің идиомаларын, одағайларын қосып, оны дұрыстап реттеуге талпынды. Мен сонда оларды тыңдап отырып: «А-а, мен мына жерде мынаны ұмытып кеткен екенмін, мына жерде өткен шақ, мына жақта болашақ болған екен ғой, мына жақта енді болатын шақ болған екен, мен мына жерде қателескен екенмін ғой, сөйлеген кезде артикльді де дұрыс қоймаған шығармын», – деп ойладым. Ал бізде, өкінішке қарай, сондай нәрсе бар», — деді Геннадий Шиповских.

Мұнымен қатар, Геннадий Шиповских мемлекеттік тілді үйреніп жүргендерді «шала қазақ» деп мазақтамауға шақырды.

«Менің айналамда талпынып жүрген кейбір жігіттер бар, қазір атын айтпай-ақ қояйын. Мен жақында бір-екі жігіттің постын оқыдым. Олар – қазақтар. Қазақтар бола тұра «үйренемін» деген, бірақ артынан сөйлей бастаған кезде қайта-қайта: «Ой, мынау – шала қазақ, мынау – пәлен-түген», – дейді. Сол дұрыс па екен? Әрине, дұрыс емес. Мен сізге айтайын, дәл сондай біздің мемлекеттік қызметте де, біздің айналамызда кейбір вице-министрлер болды. Өздері тура қазақша білмейді, бірақ парламенттің қабырғасында бір-екі рет таяқ жеді. Біздің ағаларымыз ескерту бере береді, ескерту айтады. Содан кейін талпынды, оқыды. Мен аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, бірақ ондай жағдайлар бізде мәжілісте де, сенатта да көп болды. Бірақ қарайсың, адамның ниеті пайда болады, жоқ дегенде баяндамасын қазақша оқиды. Бір келесі кезеңде баяндамаға қарамай оқитын болады. Бұған бір ғана жақсы мысал — Шарлапаев. Қазір Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы, бұрынғы Өнеркәсіп министрі. Мен жақында соның сұқбатын көргем, риза болдым. Ол кісі өмір бойы шетелде жүрген азамат қой», — деді Геннадий Шиповских.

Войдите, чтобы оставить комментарий