Шымкентте 4,8 миллиард долларлық 22 құжатқа қол қойылды
Шымкентте Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable халықаралық инвестициялық форумы өтті. Оған 40-тан астам елден 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілі қатысты, деп хабарлайды Politico.kz.
Жиынның мақсаты шетелдік инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және Қазақстандағы ірі жобаларды дамыту болды. Инвесторларға өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және цифрлық технология салаларындағы мүмкіндіктер таныстырылды.
Форум қорытындысында жалпы құны 4,8 млрд доллар болатын 22 құжатқа қол қойылды. Олардың арасында инвестициялық келісімдер, меморандумдар мен негіздемелік келісім бар.
Инвестициялық келісімдер аясында Энергетика министрлігі мен «Turan Wind Energy» ЖШС Қостанай облысында 730 млн долларға қуаты 1000 МВт болатын, энергия жинақтау жүйесі бар жел электр стансасын салуға келісті.
Көлік министрлігі мен «Freedom Lab» ЖШС Қазақстан жолдарында 249,6 млн долларға интеллектуалды бақылау жүйесін құру туралы келісім жасасты.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Aktobe Steklo» компаниясы Ақтөбеде 150 млн долларға шыны ыдыс шығаратын зауыт салуға келісті.
Меморандумдар аясында Оқу-ағарту министрлігі мен «DSKZ & KAMC» ЖШС 1 млрд долларға 20 өңірлік инклюзивті мектеп салуды жоспарлап отыр.
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі АҚ мен «Guoyou Materials Group Co., Ltd.» компаниясы Құрық портын дамытудың бірінші кезеңінде 1 млрд долларға көпфункционалды терминал салу туралы меморандумға қол қойды.
«KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы мен «Shoval Kazakhstan Ltd.» арасында 650 млн долларға «Қазақстанның халықаралық медициналық қаласы» жобасын іске асыру жөнінде меморандум жасалды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Amsa Digital» компаниясы 500 млн долларға ДӨО алқабында қуаты 250 МВт болатын деректерді өңдеу орталығын салуға келісті.
Түркістан облысының әкімдігі мен «Nurym Group» ЖШС 111,1 млн долларға ет кластерін құру жөнінде меморандум жасасты.
Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Coventry University Kazakhstan» Астанада 40,8 млн долларға британдық білім беру үлгісіндегі, жатақханасы бар университет кампусын салу және пайдалану туралы меморандумға қол қойды.
Қызылорда облысының әкімдігі мен «Apex Packaging» компаниясы 8,8 млн долларға полипропилен қаптар мен биг-бэгтер шығаратын зауыт салуға келісті.
Бұдан бөлек, Шымкент әкімдігі мен «KOKSAN» ЖШС 74,3 млн долларға ПЭТ-преформалар өндіретін және пластикті қайта өңдейтін зауыт салу туралы негіздемелік келісімге қол қойды.
Соңғы жаңалықтар