Шымкентте әскерге барудан бас тарқан жігіт үшінші қабаттан құлап, мүгедек болып қалды
Шымкентте әскерге шақыру кезіндегі оқиғадан кейін үшінші қабаттан құлап, ауыр жарақат алған 23 жастағы жігіт мүгедек болып қалуы мүмкін. Қабырғалары мен қолы сынған Арман Хабибуллаға дәрігерлер алдағы айда екінші рет ота жасамақ. Зардап шеккен жігіттің анасы Жанна Бәйдібекованың айтуынша, компьютерлік ойын орталығында отырған ұлын түн ортасында әскери комиссариат өкілдеріміз деген адамдар күштеп әкетпек болған. Олар жігіттің қарсылығына қарамастан телефонын тартып алып, қайтармаған. Сап-сау ұлының денсаулығынан айырылғанына күйінген ана баласын еркінен тыс әскерге сүйрегендердің әлі күнге дейін жазасыз жүргеніне наразы, деп хабарлайды Politico.kz 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасына сілтеме жасап.
Оқиға Шымкент қаласында түнгі сағат бірлер шамасында болған. Компьютер клубында отырған жастардың қасына өздерін әскери комиссариаттанбыз деп таныстырған төрт адам келіп, құжаттарын тексере бастаған. Кейін олар Арман Хабибулланы алып кететіндерін айтқан. Бұл әрекетпен келіспеген жігіт терезеден секіріп кеткен. Секіргеннен кейін жеті күн бойы комада жатқан ұлының енді мүгедек болып қалу қаупі бар екенін айтады анасы.
«“Не жағдай болды?” деп сұрағанымда, дәрігерлер баламның басынан жарақат алып, бас сүйегінің алдыңғы бөлігі жарылғанын айтты. Сондай-ақ қабырғасы мен қолы сынғанын жеткізіп, әзірге нақты ештеңе айта алмайтындарын білдірді. Ал әлгі келгендер учаскелік полиция инспекторы мен СОБР-дың екі сарбазы екен. Олардың қандай мақсатпен ойын клубына барғаны тергелуі керек. Баламды “әскерге алып кетемін” деп қорқытып, терезеден секіруге мәжбүрлейтіндей олардың не құқығы бар?» – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Жанна Бәйдібекова.
Биіктен құлаған жігіттің басына шұғыл ота жасалып, ол төрт күннен кейін есін жиған. Алайда анасы алда әлі талай қиындықтар күтіп тұрғанын жеткізді. Дәрігерлер жуырда үйленгелі жатқан жігітке мүгедектікке құжат жинауды тапсырған. Келесі айда оның басына тағы бір операция жасалады. Осы жағдайға полиция қызметкерлерін кінәлаған ана олардың кешірім сұрамағанын, тіпті жауапқа да тартылмағанын айтып ашынды.
«“Тергеушіден әлі күнге дейін нақты жауап ала алмай жүрмін. “Жауап алдыңыз ба?” деп сұрасам, “ертең аламын” деп соза береді. Тек жақында ғана, оның алдындағы үш-төрт күн бұрын куәгерден жауап алғандарын айтты. Ал қалғандарынан әлі жауап алынбапты. Мен осыған таңғаламын. Баламыз мүгедек болып қалса да, кінәлілер әлі күнге дейін өз жұмыстарында жүр», – деп наразылығын білдірді Шымкент қаласының тұрғыны Жанна Бәйдібекова.
Арманның анасы арыз жазғаннан бері тергеушілердің де жиі ауысып жатқанын айтады. Жақында ғана тағайындалған жаңа тергеуші іспен енді танысып жатқанын алға тартып, қысқа қайырған. Жергілікті құзырлы органдардан көмек ала алмаған қала тұрғыны бұл іске Ішкі істер министрлігінің араласуын сұрап отыр.
Әзірге Шымкент қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты ресми жауап берген жоқ.
Соңғы жаңалықтар