Шымкентте ер адамды ұрлап әкетіп, өлтірді деген алты адам 24 жылға дейін сотталуы мүмкін

07.10.2026 • 09:27 Мөлдір ҚАЙНАР
Шымкентте ер адамды ұрлап әкетіп, өлтірді деген алты адам 24 жылға дейін  сотталуы мүмкін
402
Фото: коллаж politico.kz

Шымкентте 40 жастағы қала тұрғынын ұрлап әкетіп, өлтіру ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы алты сотталушыны 22 жылдан 24 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.

Шымкент қалалық сотында Василий Колесниковты ұрлау және өлтіру ісі бойынша тараптардың жарыссөзі өтті. Мемлекеттік айыптаушы алты айыпталушыны адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу, бұзақылық және алдын ала сөз байласу арқылы адам ұрлау баптары бойынша кінәлі деп тануды талап етті.

Сондай-ақ прокурор әрбір сотталушыға 22 жылдан 24 жылға дейін жаза тағайындауды және жолдағы төбелес кезінде ауыр жарақат алған, марқұмның қасында болған жәбірленуші Көшкінбаевтың пайдасына моральдық өтемақы ретінде 10 миллион теңге өндіріп беруді сұрады.

«Сотталушыларға тағылған айыптарды толық қолдау қажет деп санаймын. Жәбірленуші Көшкінбаевтың моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырып, 10 миллион теңге өндіруді сұраймын. Үкім шығару кезінде сот барлық мән-жайларды ескеріп, әділ шешім қабылдайтынына сенімдімін», – деді мемлекеттік айыптаушы Мұхтар Арыстанов.

Ал айыпталушылар мен олардың қорғаушылары тағылған айыптардан «адам өлтіру» және «адам өлтіруге оқталу» баптарын алып тастап, ақтауды сұрады. Олардың уәжінше, Василий Колесниковты нақты кімнің өлтіргенін дәлелдейтін айғақтар жоқ, ал айып тек болжамдарға негізделген.

Айта кетейік, осы қылмыстық іс бойынша тағы бір күдіктіге әлі күнге дейін іздеу жарияланған.

Жол апатынан басталған қақтығыс

Қайғылы оқиға биыл қаңтар айында болған еді. Шымкент көшелерінің бірінде екі көлік соқтығысып, артынша жаппай төбелеске ұласқан. Төбелеске үшінші көліктегі азаматтар да араласқан. Салдарынан бір ер адам пышақ жарақаттарын алып ауруханаға түссе, 40 жастағы Василий Колесниковты күштеп қала сыртына алып кеткен. Кейіннен оның жансыз денесі табылды.

Кейін қалалық денсаулық сақтау басқармасы төбелестен аман қалған 1990 жылғы азаматтың кеуде тұсына пышақ тиіп, аса ауыр жағдайда №1 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөліміне түскенін, оған шұғыл ота жасалғанын хабарлаған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий