Шымкентте жаяу жүргінші жолағынан өтпек болған оқушыны көлік қағып, қаза тапты

30.10.2025 09:25 Мөлдір Талғат
Шымкентте жаяу жүргінші жолағынан өтпек болған оқушыны көлік қағып, қаза тапты
0
224
Stan.kz

Шымкентте болған қайғылы жол апаты елдің жүрегін ауыртты. 28 қыркүйек күні түскі уақытта туысының үйіне келе жатқан 8-сынып оқушысы Айару Әбдуәлі жаяу жүргіншілер жолағынан өтпек болған сәтте Toyota маркалы көлік оны қатты жылдамдықпен соғып кеткен.

Куәгерлердің айтуынша, жолдың алдында өзге көліктер тоқтағанымен, бұл жүргізуші тежегішті баспай, қызды бар жылдамдықпен қағып, бірнеше метрге ұшырып жіберген. Оқиға орнындағы бейнежазбада да көліктің қатты жылдамдықпен келгені анық көрінеді. Қатты соққы салдарынан Айару ауыр ми жарақатын алып, денесінің көптеген сүйектері сынған. Дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан, ол ауруханада 14 күн бойы комада жатып, көз жұмды.

Марқұмның анасы Бақытгүл Оразбаеваның айтуынша, оқиға бойынша тергеу әділ жүргізілмей жатыр. Қызын қаққан күдікті бастапқыда қамауға алынғанымен, бір күннен кейін сот шешімімен үйқамаққа жіберілген.

“Менің қызымды өлтірген адам неге әлі де бостандықта жүр? Үйіме келіп, кешірім сұрап, қысым көрсетіп жатыр. Әділдік іздеп шаршадым”, – дейді анасы.

Ол сондай-ақ тергеу барысына сенімсіздік танытып отыр. Себебі бейнежазбаны да, куәгерлерді де тергеушілерге өздері жеткізгенімен, істі жүргізіп жатқан органдар тарапынан нақты әрекет байқалмайды.

Шымкент қалалық полиция департаменті бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалғанын және қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Күдіктіге қатысты сот үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолданған. Дегенмен, бұл шешім марқұмның отбасы мен қоғам тарапынан наразылық тудырып отыр.

Айару Әбдуәлі – отбасындағы төрт баланың кенжесі, үздік оқушы әрі мектеп өміріне белсене қатысқан үлгілі қыз болған. Оның өлімі тек ата-анасына емес, бүкіл қала тұрғындарына ауыр тиді. Қара жамылған отбасы әділ шешім мен кінәлі адамның лайықты жазасын алуы үшін күресіп келеді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий