Шымкенттегі атышулы іс: Нұрайдың әкесі айыпталушының әкесіне шүйлікті

04.08.2026 14:05 Мөлдір ҚАЙНАР
Шымкенттегі атышулы іс: Нұрайдың әкесі айыпталушының әкесіне шүйлікті
270
Фото: Stan.kz

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Кезекті сот отырысында қаза тапқан бойжеткеннің әкесі Бауыржан Сағымбек пен айыпталушының әкесі Алмахан Аймаханұлының арасында ауызша жанжал шықты. Бауыржан Сағымбектің айтуынша, ол қайғылы оқиғаға дейін де айыпталушының әкесіне бірнеше рет хабарласып, ұлына ие болуын сұраған. Ал айыпталушы тарап жастардың арасындағы дауды шеше алмағанын алға тартты. Осыдан кейін марқұмның әкесі қарсы тараптың бұған дейін уәде бергенін еске салды.

"Сен маған уәде беріп едің ғой, неге ұлыңа ықпал етпедің?", – деді Бауыржан Сағымбек.

Бұл сәтте судья процеске қатысушыларды сабырға шақырып, дауыс көтермеуді талап етті. Ары қарай бойжеткеннің әкесі қызын алып қашуға әрекеттенгеннен кейін болған жайттарды баяндады.

"Қызым маған хабарласып, өзін ол жерден алып кетуді өтінді. Ұлым Сұлтан оны алып кетуге барғанда, сен ұлымды үйден шығарып жіберіп, қызымды алып қалмақ болдың", – деді ол.

Айыпталушының әкесі бұл айыптауларды жоққа шығарды. Содан соң Бауыржан Сағымбек эмоционалды түрде жауап қайтарды.

"Ешқандай ар-ұят жоқ! Сенде ұят деген атымен жоқ екен!", – деп айқайлады марқұмның әкесі.

Кейін айыпталушы тарап Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша тағылған айыпқа қатысы жоқ екенін айтты. Бұған жол бермейтінін білдірген Нұрайдың әкесі бойжеткенді айыпталушының әкесіне тиесілі көлікпен алып кеткенін, демек ұлын қызға өзі жібергенін алға тартты.

Сонымен қатар сотта Нұрай Серікбайды алып қашу туралы хабарлама бойынша оқиға орнына барған полиция қызметкері Артықбай Әділғазыдан жауап алынды.

Полицейдің сөзінше, оған және оның әріптесіне кешкі сағат 20:00–20:30 шамасында хабарлама түскен. Ол кезде олар Шымкенттің Сайран шағынауданында жүрген. Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне бойжеткеннің бауырлары хабарласқысы келетіні айтылғаннан кейін, олар Қаратау ауданындағы көрсетілген мекенжайға барған. Үйдің алдынан Нұрайдың бауыры Сұлтан Серікбай мен екінші ағасы қарсы алып, қарындастарын алып қашып кеткенін хабарлаған. Полицейлер үйге кіргенде, іште қонақтардың отырғанын және Нұрайдың бөлмелердің бірінде болғанын көрген.

Артықбай Әбілғазының айтуынша, Нұрай өз сөзінде жігітінің есімі Шерхан екенін және онымен қарым-қатынаста болғанын айтқан. Бұл үйге өз еркімен келген-келмегені туралы сұраққа бойжеткен оң жауап берген. Осыдан кейін полиция өкілдері Нұрай мен Шерханды Қаратау аудандық полиция бөліміне жеткізіп, түсініктеме алған соң босатқан. Куәгер полицей бұл оқиғадан кейін бойжеткеннің туыстары полицияға ресми арыз түсіргенін кейін білгенін жеткізді.

Войдите, чтобы оставить комментарий