Шымкенттегі перзентхана 4 млн теңгеге күмәнді тендер жариялады

26.05.2026 14:48 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Шымкенттегі перзентхана 4 млн теңгеге күмәнді тендер жариялады
70
Фото: Polites News

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты қалалық перзентхана жариялаған компьютер сатып алу тендерінен шикілік шықты, деп хабарлайды Polites News.

Мемлекеттік сатып алу порталында жалпы құны 4 млн теңге болатын он кеңсе компьютерін алуға қатысты өтінім жарияланған. Әрқайсысы 400 мың теңгеге бағаланған бұл техниканың техникалық сипаттамасы мамандар арасында бірқатар күмән тудырып отыр.

Дереккөздің мәліметінше құжатта көрсетілген процессор мен өзге де бөлшектер 2015 жылдың деңгейіне сәйкес келеді және нарықтағы мұндай жиынтықтың нақты құны 200 мың мен 280 мың теңге аралығында болады. Тиісінше мемлекеттік мекеме ұсынып отырған баға нарықтағыдан бір жарым немесе екі есеге жоғары болып тұр.

Сонымен қатар тапсырыс беруші талап еткен бөлшектерден компьютер жинау мүмкін емес екені белгілі болды. Құжатта көрсетілген Intel Core i5-6600 процессоры мен H310 аналық тақшасы бір-бірімен мүлдем үйлеспейді. Мұндай өрескел қателік құжаттың техникалық сараптамасыз жасалғанын немесе тендердің алдын ала белгілі бір жеткізушіге арналып дайындалғанын көрсетуі мүмкін.

Бұл күмәнді растайтын тағы бір дерек техникалық сипаттамада кездеседі. Құжатта тауарды тапсырыс берушімен алдын ала келісу қажеттігі жазылып, жеке ұялы телефон нөмірлері көрсетілген. Мемлекеттік сатып алу порталындағы ашық тізілім арқылы тексеру кезінде құжаттағы телефон нөмірлерінің бірі Шымкентте тіркелген «Тотал-ком» ЖШС-не тиесілі екені анықталды. Бұл жағдай тапсырыс беруші мен нақты бір компания арасындағы байланысты көрсететін айқын дәлел ретінде бағаланып отыр.

Заң бойынша мемлекеттік сатып алу процесі барлық қатысушыға тең мүмкіндік беріп, ашық әрі әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуі тиіс. Әзірге бұл лот бойынша өтінімдер қабылданып жатыр және жеңімпаз әлі анықталған жоқ.

Polites News аталған жағдайдың мән-жайын анықтау мақсатында Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы мен жоғарыда аталған серіктестікке ресми сауал жолдайтынын мәлімдеді. Ал бұл істің заңдылығына қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитеті мен монополияға қарсы ведомство нақты баға беруі қажет.

 

Войдите, чтобы оставить комментарий