Солтүстік Қазақстандағы басшылар не бүлдірді? Шенділер жаппай жазаға ілікті
Жоғары аудиторлық палатаның тексерісі Солтүстік Қазақстан облысындағы біраз басшының креслосын шайқалтып кетті. Мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша бірқатар лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Биылғы қазан айында өңірге арнайы барған аудиторлар бюджет қаржысы мен мемлекет активтерінің қалай жұмсалып жатқанын жіті тексерген болатын. Нәтижесі көңіл көншітпеді: заңнама талаптары сақталмаған, бюджеттік нормалар бұзылған және ішкі регламенттер аяқасты етілген.
Осы олқылықтарға жол бергені үшін облыс әкіміне және аудан басшыларына кінәлі қызметкерлерді жазалау туралы тапсырма берілген еді.
Тәртіптік жауапкершілікке тартылғандардың қатары қалың. Қара тізімге аудан әкімінен бастап, басқарма басшыларының орынбасарларына дейін ілікті. Нақтырақ айтсақ:
- Басшылық құрамнан: Айыртау ауданының әкімі, Петропавл және Сергеевка қалалары әкімдерінің орынбасарлары;
- Облыстық басқармалардан: Құрылыс, Денсаулық сақтау және Жолаушылар көлігі басқармалары басшыларының орынбасарлары;
- Аудандық деңгейде: Петропавл қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі, Тайынша ауданындағы ТКШ бөлімінің басшысы, сондай-ақ Ақжар, Айыртау және Уәлиханов аудандарындағы бөлім басшылары мен сектор меңгерушілері.
Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасымен СҚО әкімдігі анықталған кемшіліктерді жою үшін арнайы іс-шаралар жоспарын бекітті. Алдағы уақытта өңірдегі облыстық маңызы бар автожолдарды паспорттау жұмыстары қолға алынбақ.
Соңғы жаңалықтар