Су қоймада әкесі мен екі ұлы суға кетіп, із-түзсіз жоғалды

08.09.2026 17:23 Мөлдір ҚАЙНАР
Су қоймада әкесі мен екі ұлы суға кетіп, із-түзсіз жоғалды
118
Фото: коллаж politico.kz

Өзбекстанның Ташкент облысындағы Чарвак су қоймасында демалып жүрген бір отбасының үш бірдей мүшесі суға батып кетті, деп хабарлайды Politico.kz 

Қайғылы оқиға 2 қыркүйекте «Бурчмулла» махалласы аумағында болған. Ресми мәліметке сәйкес, отбасы катер жалдап, серуендеуге шыққан. Олар суретке түсу үшін суға түсуге тыйым салынған аймаққа тоқтаған кезде, ұлдардың бірі құтқару кеудешесін киместен суға түскен. Сол сәтте жел соғып, көтерілген толқын салдарынан жас жігіттің аяғын құрысу ұстап, ол батып бара жатқан.

Баласын құтқармақ болып артынан әкесі, кейін екінші ұлы да суға секірген. Үшеуі де құтқару кеудешесінсіз болғандықтан, қас-қағым сәтте су түбіне батып кеткен. Катер жүргізушісі көмекке ұмтылғанымен, оларды құтқару мүмкін болмады.

Қазіргі таңда оқиға орнынан 2,5 шақырымға жуық радиуста тәулік бойы іздеу-құтқару шаралары жүріп жатыр. Құтқарушылардың жұмысын су қоймасының аумағы мен тереңдігі қатты қиындатуда. Судың орташа тереңдігі 36 метр болса, кей тұстары 148 метрге дейін жетеді.

Жұмыстарға 5 құтқару жасағы мен Сырдария және Жызақ облыстарынан қосымша шақырылған мамандар жұмылдырылды. Құтқару қызметі демалушыларға тек рұқсат етілген жағажайларда шомылуды және суда міндетті түрде қауіпсіздік кеудешесін киюді қатаң ескертті.

Войдите, чтобы оставить комментарий