Super Mamasita: Instagram парақшамды біреулер тапсырыспен бұғаттап тастады

23.07.2026 20:46 Томирис САҒЫНДЫҚ
Super Mamasita: Instagram парақшамды біреулер тапсырыспен бұғаттап тастады
62
Фото: https://www.instagram.com/super.mamasita/?hl=ru

Желіде Super Mamasita деген лақап атпен танымал блогер Әлия Байтұғаева Instagram парақшасынан айырылған сәттегі жан сырын бөлісіп, оқиғаның мән-жайын баяндады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол "Мамский әңгіме" подкастында айтты. 

«Кейіннен менің Instagram парақшам бұғатталып қалды. Бұл біреудің арнайы тапсырысы бойынша жасалған әрекет пе деп ойлаймын. Нәтижесінде парақшам толығымен өшті. Сол сәтте үлкен күйзеліске түсіп, екі-үш апта бойы еңсемді көтере алмай, мүлде ес жинай алмай жатып қалдым. Әлеуметтік желіні қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, қолдау қызметіне тынымсыз хат жазғаныммен, одан еш нәтиже шықпады. Өйткені бұл парақшаның артында каншама жылғы еңбегім, жинаған аудиториям мен қаржылай табысым жатыр еді. Басқаша айтқанда, ол менің негізгі жұмысым болатын. Тіпті, бір күнде сүйікті ісімнен де, күнкөріс көзінен де айырылып қалғандай күй кештім», — деді Super Mamasita.

Осы оқиғадан кейін блогер қосалқы парақша ашуға мәжбүр болғанын жеткізді. Десе де, аз уақыт ішінде өзіне қайта тіркеліп, қолдау білдірген адал оқырмандарына ақжарма алғысын білдірді.

«Парақшамды қайтару үшін үш аптадай уақыт кетті. Содан соң амалсыздан қосалқы парақша ашып, қысқа уақыттың ішінде 300 мыңнан астам оқырман жинап үлгердім. Әлі күнге дейін сонда тіркелген жазылушыларыма дән ризамын. Бұл оқиға маған үлкен сабақ болды: мен өз парақшамды, еңбегімді және аудиториямды одан бетер бағалай бастадым. Біреулер мені «бұрын оқырмандарыңа жақын, шынайы едің, ал қазір қолдан жасалған образда жүрсің» деп айыптап жатады. Алайда уақыт өте келе трендтер де, адамның өзі де өзгереді. Бұрын салтанатты өмірді, қымбат көліктер мен киімдерді көрсету сән болса, қазір аудитория қарапайымдылық пен шынайылықты бағалайды. Мен, керісінше, уақыт өте келе есейіп, аудиторияма барынша ашық әрі шынайы бола түстім деп есептеймін», — деді Әлия Байтұғаева.

Сондай-ақ блогер отағасының кезінде осы кәсібіне үзілді-кесілді қарсы болғанын жасырмады. Алайда уақыт өте келе оның да көзқарасы өзгеріп, қазір бейнежазбаларға жиі шығып тұратын деңгейге жеткен.

«Жолдасыма келетін болсақ, ол бұған дейін блог жүргізгенімді қабылдай алмай жүрді. Ал қазір өзі де блогымның тұрақты қатысушысына айналды. Негізінен, біз отбасымызбен арадағы түсініспеушіліктерге байланысты ата-анамызбен төрт жылдай араласпай қалған едік. Тек осыдан бес жыл бұрын ғана қайта татуласып, қарым-қатынасымызды реттедік», — деді Super Mamasita.

Войдите, чтобы оставить комментарий