Талдықорғандағы жалаңаш кешті ұйымдастырғандар қамауға алынды
Әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, жұрттың жағасын ұстатқан ерсі видеоға қатысты нүкте қойылды. Талдықорған полициясы түнгі клубта жартылай жалаңаш билегендерді жазаға тартты. Бұл туралы Жетісу облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап Politico.kz порталы хабарлайды.
Осы айдың ортасында желіде тараған бейнежазба қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Кадрлардан көңіл көтеру орнында стриптиз бишілері мен қонақтардың жартылай шешініп, әдептен озған қылықтар көрсеткенін байқауға болады.
Тәртіп сақшылары бұл жағдайға бей-жай қараған жоқ. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде оқиға болған мекеме және видеодағы бас кейіпкерлер түгел анықталды. Полиция олардың әрекетін қоғамдық тәртіпті бұзу және қоршаған ортаға құрметсіздік деп бағалады.
Жиналған іс-құжаттар сотқа жолданды. Сот шешімімен мекеме иесі мен шулы кештің белсенді қатысушыларының біріне 7 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы кесілді. Ал тағы бір қатысушыға қатысты материалдар оның тұрғылықты жері бойынша сотқа жіберілген.
Сонымен қатар, клуб әкімшілігіне қатаң ескерту жасалды.
Полиция департаменті өңірде қоғамдық мораль мен азаматтардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін кез келген әдепсіз әрекетке жол берілмейтінін қадап айтты. Егер мұндай сорақылық тағы қайталанса, жауапкершілік бұдан да ауыр болмақ.
Соңғы жаңалықтар