Танымал жұлдыздармен дуэт жазған миллиардердің баласы кім?

09.12.2025 18:42 Арман Ермеков
Танымал жұлдыздармен дуэт жазған миллиардердің баласы кім?
0
570
коллаж Politico.kz

Қазақстандық танымал кәсіпкер Кеңес Рақышевтың ұлына тиесілі болуы мүмкін ұмыт қалған музыкалық альбом стримингтік сервистердің қатпар-қатпар қойнауынан табылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Әдетте Рақышевтар отбасы көпшілік назарынан тыс, бойын аулақ ұстауға тырысады. Кеңес Рақышевтың өзі бизнес пен қоғамдық істерде белсенді болғанымен, жеке өмірі мен отбасылық ошақ қасы, әсіресе балалары жайлы ақпарат жеті құлыптың астында жатады. Бұл медиа кеңістікке де, зайырлы ортадағы әңгімелерге де қатысты қалыптасқан үрдіс. Ірі капитал иелері мен элита өкілдері үшін мұндай көлеңкеде қалу стратегиясы таңсық емес: олар мұны репутацияны сақтаудың және жеке бастың қауіпсіздігінің кепілі деп санайды. Сондықтан да ашық дереккөздерден кәсіпкердің жақын туыстарының өмірбаянын табу мүмкін емес.

Дегенмен, цифрлық әлемнің өз заңдылығы бар және ол кейде құпия сақталған есіктердің кілтін оңай тауып жатады. Кәсіби платформалар мен салалық базалар адамның қоғамдық статусына қарамастан, кез келген белсенділікті қалт жібермейді. Дәл осындай жүйелердің бірінде дәстүрлі ақпарат айдынында кездеспейтін қызықты деректер қылаң берді.

Сөз музыкалық несиелер мен авторлық құқықты есепке алатын Muso.AI платформасы жайында болып отыр. Мұнда "Diimash" бүркеніш есімімен тіркелген әртіс бар, ал оның жеке парақшасында толық аты-жөні Рақышев Дінмұхамед Кеңесұлы деп тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Жүйеде осы орындаушыға тиесілі 22 музыкалық туынды тіркелген.

Платформадағы ақпарат бойынша, жобаның тынысы 2019 жылдың жазында ашылған. 27 шілде күні жүйеге бірден екі туынды тіркелген: бірі – abdr. есімді әртіспен дуэт болса, екіншісі – жеке орындауындағы ән. Арада санаулы күн өткенде, 30 шілдеде тоғыз әннен тұратын толыққанды альбом жарық көреді. Онда қонақ кәдесінде өнер көрсеткендер қатарында Moldanazar мен Dashxx бар.

Осыдан кейін шығармашылық үзіліс орын алып, шамамен бір жылдай тым-тырыс тыныштық орнайды. Тек 2020 жылдың 20 тамызында Muso.AI базасында ABILEXX және DASHXX-пен бірлескен жаңа трек пайда болады. Көп ұзамай, 15 қыркүйекте тағы бір альбомның тұсауы кесіледі. Бұл жолы шақырылған әртістердің тізімі таңдай қақтырарлық: abdr., Say Mo, Hiro, Moldanazar және жастардың сүйіктісіне айналған Ирина Кайратовна тобы.

2020 жылғы альбомдағы әріптестер құрамы еріксіз назар аударады. Қалың көпшілікке беймәлім, медиа кеңістікте есімі атала бермейтін музыканттың жобасына сол кездің өзінде танымал әрі коммерциялық тұрғыда табысты жұлдыздардың қатысуы жергілікті шоу-бизнес үшін сирек кездесетін жағдай. Осы тұста "бұл коллаборациялардың астарында не жатыр?" деген заңды сауал туындайды. Бұл жас талантқа көрсетілген шынайы қолдау ма, әлде оның отбасылық беделі мен қаржылық мүмкіндігі рөл ойнады ма? Ашық дереккөздерде бұған нақты жауап жоқ.

2020 жылдың қыркүйегінен кейін Muso.AI жүйесінде Diimash есімді әртістің жаңа релиздері мүлде тіркелмеген. Жобаның одан әрі дамығаны жайлы, сұхбаттары немесе концерттік қызметі туралы ешқандай дерек жоқ. Десе де, бұрын шыққан әндер базада сақтаулы, өшірілмеген және өзгеріссіз тұр.

Баса айта кететін жайт: Muso.AI базасында Рақышев Дінмұхамед Кеңесұлы деп көрсетілген әртістің шынымен бизнесмен Кеңес Рақышевтың ұлы екенін растайтын тікелей дәлел ашық көздерде жоқ. Платформа тек есімдердің сәйкестігін және музыкалық релиздерге қатысу дерегін ғана құжаттаған.

Осы орайда Рақышевтар әулетінің қоғам алдындағы бейнесіне үңілген жөн. Кеңес Рақышев табысты бизнесмен, ал жұбайы Әсел Тасмағамбетова әлеуметтік және гуманитарлық бастамалармен айналысатын меценат ретінде танымал.

Алайда бұл әулеттің тамыры мен саяси астары тереңде, сонау "Ескі Қазақстан" дәуірімен тығыз байланысты. Кеңес Рақышевтың әкесі – Хамит Қошанұлы Рақышев Тұңғыш Президенттің сенімді серігі болған және квазимемлекеттік секторда жауапты қызметтер атқарған. Атап айтқанда, 1983 жылы, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болған шақта, ол Тұңғыш Президенттің туған ауылы – "Шамалған" совхозының тұтынушылар қоғамын басқарған.

Мұндай саяси сабақтастық жұбайы жағынан да анық байқалады. Әсел Тасмағамбетованың әкесі – Иманғали Тасмағамбетов тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіндегі негізгі саяси тұлғалардың бірі және өзін ашық түрде "Мен – Назарбаевтың өнімімін" деп атаған қайраткер.

Осылайша, Рақышевтар отбасы ондаған жылдар бойы елдің саяси-басқарушы элитасымен және Тұңғыш Президентпен етене жақын араласқан. Осы тұрғыдан алғанда, олардың жеке өмірлерінің кейбір тұстарын құпия ұстауы және өмірбаяндық деректердің жабық болуы кездейсоқтық емес, мұқият ойластырылған стратегияның бір бөлігі екені аңғарылады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий