Таразда антибиотиктен көз жұмған екі ер адамның өліміне қатысты тың дерек шықты

Тараз қаласында орын алған екі бірдей қайғылы оқиға елді есеңгіретіп, денсаулық сақтау саласындағы бақылаудың әлсіздігін ашық көрсетті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Екі ер адам ем-шара кабинетінде антибиотик салдырғаннан кейін анафилактикалық шоктан қайтыс болған. Оқиғаның ең сорақы тұсы — медициналық қызмет көрсеткен орталықтардың ешқайсысында арнайы лицензия болмағаны анықталды. Бұл — заңға қайшы әрі адам өміріне қауіп төндіретін өрескел әрекет.
КТК арнасының таратқан мәліметіне сүйенсек, 29 жастағы Исламбек есімді азамат ем-дом кабинетіне дәрігер нұсқауынсыз барып, екпе салдырған. Мейірбикелер сынама жасамастан, бірден антибиотик еккен. Марқұмның әкесінің айтуынша, ұлы көмекке зәру болған сәтте медициналық алғашқы көмек көрсетуге қажетті препараттар мен құралдар болмаған. Мұндай жағдай қызметкерлердің біліксіздігін ғана емес, емхана жұмысының толыққанды заңсыз екенін де айқын дәлелдейді.
Араға бес күн салып тағы бір адам — 50 жастағы Ерлан Атабеков дәл сондай жағдаймен өмірден өтті. Бұл жолы науқас дәрігердің рецептімен келсе де, қызметкерлер екпені тиісті сынамасыз, бірден жамбасқа салған. Жесірінің айтуынша, күйеуіне дер кезінде алғашқы көмек көрсетілмей, мейірбикелер дәрменсіздік танытқан. Қайғылы жағдайдан кейін бұл орталық жабылып, тексеру жұмыстары басталды.
Жамбыл облысының жауапты органдары бұл кабинеттерде көктамырға немесе бұлшық етке екпе салуға қажетті рұқсат пен біліктілігі жоқ мейірбикелер жұмыс істегенін мәлімдеді. Қазіргі таңда Тараздағы барлық процедуралық кабинеттерге кешенді тексеру жүргізіліп жатыр. Ал полиция бұл екі өлімге қатысты қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кетті.
Бұл оқиғалар халықтың денсаулығына қауіп төндіріп отырған көлеңкелі медицина нарығының мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр. Лицензиясыз жұмыс істейтін орталықтардың әрекеті — тек заң бұзушылық емес, адам өміріне тікелей қауіп. Жауапты мекемелер бұл мәселені түбегейлі шешпейінше, мұндай трагедиялар қайталануы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар





