Тарихшы: Жары Мұстафа Шоқайға ескерткіш қою үшін екі бөлмелі үйін сатқан

21.08.2026 19:47 Томирис САҒЫНДЫҚ
Тарихшы: Жары Мұстафа Шоқайға ескерткіш қою үшін екі бөлмелі үйін сатқан
50
Фото: ЖИ көмегімен өңделді

Тарихшы, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай Алаш арысы, Түркістан халқының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен біртуар қайраткер Мұстафа Шоқайдың мұрасы мен оған қойылған ескерткіш тарихына қатысты тың деректерді бөлісті. Зерттеушінің айтуынша, қайраткердің жары Мәрия Шоқай мүсінді орнату үшін Париждегі екі бөлмелі үйін сатуға мәжбүр болған, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол тележүргізуші Гүлбаршын Зайырға берген сұқбатында әңгімеледі. 

Зерттеуші Көшім Есмағамбетовтің деректеріне сүйенсек, Париж маңындағы баспанасын сатқаннан кейін де ескерткіш материалын дайындауға қаражат жетіспеген. Мәрия Шоқайдың Ғалымжан есімді азаматқа жазған тарихи хаттарында мүсінді аяқтау үшін 400 марка тапшы болғаны және бұл мәселені шешуге қатысты өтініштері анық баяндалады.

«Қолжазбалар Ұлттық кітапханада сақталған. Кейін Көшім Есмағамбетовтың анықтауынша, «Мәрия Шоқай мәжбүрліктен Мұстафа Шоқайдың басына ескерткіш белгі қоямын деп, өзінің Ғалымжанмен бірге тұрған Париждегі екі бөлмелі үйін сатады», — деп айтылған екен. Ол сатқан ақшаға ескерткіш жасатайын десе, бағасы қымбаттап кетіп, материалға 400 марка жетпей қалады. Бул туралы Мәрия Шоқайдың 18 хатының ішінде Ғалымжанға жазған хаты бар. Онда: «Ғалымжан, осылай болып тұр. Сен Түркістанды құтқару одағының өкілдеріне, түрік азаматтарына, түрік ағайындарға айтшы. Мені Мұстафаның жесірі деп әлі толық мойындамай отыр ғой. Мойындаса, қаржылай көмектесер еді», — деп жазады. Соған қарағанда, Ғалымжан Мұстафаның ескерткішін жасауға 400 марка керек деп, қаржы сұрап талай жерге барған сияқты», — деді Бекарыстан Мырзабай.

Бекарыстан Мырзабай 2011 жылы ұйымдастырылған кездесу барысында жетіспеген қаражаттың қалай табылғанын нақтылағанын жеткізді. Мәрия Шоқайға материалдық тұрғыдан көмектесіп, ескерткіштің толық аяқталуына жеке қаражатын қосқан азаматтың еңбегі хаттардағы «балам» деген ыстық ықыласы арқылы көрініс тапқан.

«Кейін 2011 жылы барғанымда, бір күні сөйлесіп отырып: «Сол жетпей қалған ақша қалай табылды?» — деп сұрағанымда, ол: «Бірнеше айлығымды жинап, жұбайыммен ақылдасып салдым», — деді. Мәрия анамыз сол қаржыны алғаннан кейін ризашылығын білдіріп, содан кейін хаттарында оған «балам» деп жазатын болған екен. Бүкіл түрік әлемі қорқып отырғанда, ол батыл қимылдап, өз қаржысын беріп отыр ғой», — деді Бекарыстан Мырзабай.

Кеңестік кезеңдегі саяси шектеулер мен Түркияға баруға қойылған тыйымдарға қарамастан, тарихи құжаттарды елге жеткізу жұмыстары тоқтатылмаған. Франциядағы дипломатиялық және кәсіби өкілдердің ықпалымен елге оралған құнды мұралар бүгінгі күні елордадағы оқу орны базасында орналасқан арнайы мұражай қорында сақтаулы.

«Сол кезде кедергілер көп болды: тақырып та бекітілмеді, Түркияға баруға рұқсат берілген жоқ. Көшімнің түсіндіргені бойынша, ол аманатын француз тілін білетін, Францияны жақсы түсінетін, елшілікте жұмыс істеген тәжірибелі адамға тапсырғысы келген. Содан ол алып келіп, табуға ықпал етті. Бұл аманаттардың барлығы Астана қаласындағы №51 Мұстафа Шоқай атындағы мектеп-гимназияның ішінде арнайы ашылған мұражайға өткізілді. 2021 жылы мектепке Мұстафа Шоқайдың есімі берілген кезде, мектептің бұрынғы директоры Күнімқан апай мен сол кезеңдегі директор Данара Жомартқызы Мейрамбекқызының бастамасымен осы мұражай ұйымдастырылған болатын», — деді зерттеуші.

Войдите, чтобы оставить комментарий