Тәуелсіздікте туған қазақстандықтардың Ресейге деген көзқарасы қандай

Тәуелсіздікте туған қазақстандықтардың Ресейге деген көзқарасы қандай
02.07.2025 13:34
0
570
Фото: gov.kz
Қазақстан елшісі жастардың Ресейге деген көзқарасын түсіндірді

Еліміздің тәуелсіздікте туылған ұрпағы Ресейге қалай қарайды?

Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дәурен Абаев Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас, жастардың ұстанымы, су ресурстары, энергетика және демография мәселелері туралы пікір білдірді.

— Ресей азаматтары маған жиі сұрақ қояды: "Кеңес Одағынан кейін туған жастар Ресейге қалай қарайды?" Бұл сұрақтың өзінде алаңдаушылық бар. Яғни, "Тәуелсіздік буыны" қоғамда басымдық алған кезде, бұрынғы достық қарым-қатынастар әлсірей ме? деген қауіп байқалады. Бірақ, мен бір нәрсені ашық айтқым келеді, — деді Абаев.

— Қазақстанда 1991 жылдан кейін дүниеге келген, яғни Кеңес Одағында өмір сүрмеген азаматтардың үлесі 60 пайызға жуықтайды. Бұл санаттағы азаматтар еліміздің әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуына белсенді атсалысып жүр. Дегенмен, бұл өзгерістер Ресейге деген көзқарасқа кері әсер етіп отырған жоқ. Социологиялық сауалнамалар бойынша, Қазақстан халқы үшін Ресей — ең достық ниетті елдердің бірі.

Оның айтуынша, қазақ пен орыс халқы арасындағы тарихи байланысты ештеңе өшіре алмайды.

"Бізде ортақ шекара, ортақ тарих, ортақ мәдениет, тіпті ортақ менталитет қалыптасқан. Бүгінде жастар қазақша да, орысша да еркін сөйлейді. Олар орыс киносы мен театрына, музыкасына қызығушылық танытады. Бұл мызғымас рухани көпір", — деді ол.

Абаев су, энергетика, демография мәселелеріне де тоқталды:

"Бұл проблемалар тек Қазақстан мен Ресейді ғана емес, бүкіл адамзатты алаңдатып отыр. Бірақ бізде бұл бағыттар бойынша нақты механизмдер бар. Мысалы, 2010 жылдан бері трансшекаралық өзендерге қатысты бірлескен келісім жұмыс істейді. Арнайы комиссия мен 6 жұмыс тобы құрылып, тұрақты түрде ақпарат алмасып келеді".

Сондай-ақ, ол екі елдің су тасқыны кезінде өзара әрекеттесіп, апаттың алдын алу үшін бірлесе жұмыс жүргізетінін атап өтті.

"Көктемгі тасқын кезінде екі жақ апта сайын онлайн форматта байланысқа шығып, су қоймаларының жұмыс режимін нақтылап отырды. Бұл экологиялық дипломатияның көрінісі", — деді елші.

Энергетика мәселесінде де Абаев екі елдің бірін-бірі толықтырып отырғанын айтты:

"Қазақстан мұнайының 60 пайызын Еуропаға экспорттайды, бұл үшін Ресейдің инфрақұрылымын қолданамыз. Ал Ресейдің негізгі нарықтары — Қытай, Үндістан, Түркия. Екі ел өзара бәсекелес емес, керісінше, бір-бірін толықтыратын әріптес".

Оның пікірінше, "қара алтын" дәуірі ұзаққа созылады, бірақ болашақта энергетикалық көшу міндетті түрде болады.

"Сол үшін Қазақстанда алғашқы АЭС салу үшін "Росатом" таңдалды. Бұл энергетикалық тәуелсіздік пен экологиялық тепе-теңдікке жол ашады", — деді елші.

Абаев демография мәселесіне де тоқталып, Қазақстаннан Ресейге ағылып жатқан жаппай көші-қон жоқ екенін айтты. Дегенмен, орыс тілін меңгерген, дипломдары мойындалған азаматтар, туыстық байланыстары бар адамдардың көшуі мүмкін.

"Сондықтан да екі жақ та осы мәселе бойынша бірлескен шешімдер іздеп, мәдени және білім алмасуды жолға қойғаны жөн", — деді ол.

"Қара тізімдерге" қатысты сұраққа жауап бере отырып, Абаев былай деді:

"Мұндай тізімдер барлық елдерде бар, бұл — халықаралық практика. Көбінесе бұл тізімдерге саяси тұлғалар емес, миграциялық заңдарды бұзған, қарызы бар немесе қылмыстық жауапкершілігі болған адамдар енгізіледі. Сондықтан бұл тақырыпты саясиландырудың қажеті жоқ".

Ресейдің шекарадан өту тәртібіне енгізген жаңалықтарына байланысты ол:

"Кейбір азаматтар алдын ала электронды өтінім беріп, тіркеу қажет екенін білмей қалуы мүмкін. Бірақ бұл — Ресейдің егемен шешімі. Қазақстан бұл өзгерістерге түсіністікпен қарайды. Сонымен бірге, біз трансшекаралық қозғалыстың ерекшелігін ескеру қажет екенін айтып келеміз. Себебі екі ел шекарасында тұратын адамдар бір-бірімен тығыз байланыста өмір сүреді".

Абаев Токаевтың соңғы алты жылда жүргізіп жатқан реформаларына тоқталып:

"Бүгінде Қазақстанда әділеттілік идеясы реформалардың негізі болып отыр. Бұл — саяси, экономикалық, құқықтық және әлеуметтік әділеттілік. Саяси жүйе инклюзивті бола түсті, азаматтар шешім қабылдауға қатыса бастады. Экономикада тең мүмкіндіктерге жол ашылып, табыс алшақтығын азайту жұмысы жүріп жатыр. Сот жүйесінде де ашықтық пен сенім қалыптасуда", — деді.

Оның айтуынша,

"Әділ Казахстан" құру — тек билікке емес, әрбір азаматқа қойылатын талап. "Бұл — жаңа қоғамдық үлгінің негізі болуы тиіс. Біз мұны тек мемлекет арқылы емес, бүкіл қоғам болып іске асыруымыз қажет", — деді Дәурен Абаев.

Дереккөз: АИФ

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий