Тоқаев Бакуде Израиль басшысымен не туралы келісті?
Қазақстан Қатармен ірі энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға, ал Израильмен сауда және инвестициялық байланысты кеңейтуге мүдделі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде өткен кездесулерде осы мәселелерді талқылады. Мемлекет басшысының Әзербайжан мен Арменияға сапары барысында халықаралық қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғау мәселелері де назардан тыс қалмады, деп хабарлайды Politico.kz.
15 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің саммиті аясында Израиль Президенті Ицхак Герцогпен кездесті.
Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту жолдарын қарастырды.
Қазақстан Президенті Ицхак Герцогтің сәуір айында Астанаға жасаған сапары екіжақты қатынасқа тың серпін бергенін атап өтті.
Соңғы бір жылда Қазақстан мен Израиль арасындағы байланысқа қатысты бірнеше маңызды қадам жасалды. 2025 жылдың қарашасында Қазақстан Авраам келісімдеріне қосылды. Ал қаңтарда екі ел арасында визасыз қатынас туралы келісімге қол қойылды.
Ицхак Герцог Астанаға сапары кезінде екі мемлекет арасындағы тауар айналымын үш есеге арттыру ниеті бар екенін айтқан болатын.
Бакудегі кездесу осы экономикалық байланысты одан әрі дамытуға арналды.
Израиль Президенті Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қосылуын құптап, мұны бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға қосылған маңызды үлес деп бағалады.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық қақтығыстарға қатысты ұстанымын тағы да жеткізді. Астана шиеленісті бәсеңдетуді және даулы мәселелерді тек дипломатиялық жолмен шешуді қолдайды.
Айта кетейік, Қатар және Израиль басшыларымен бір күнде өткен кездесулер Қазақстанның Таяу Шығыстағы әртүрлі мемлекеттермен саяси және экономикалық диалогты қатар жүргізіп отырғанын көрсетті.
Соңғы жаңалықтар