Тоқаев банктерді тексеру мен несие беру мәселесін талқылады

09.09.2026 15:19 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаев банктерді тексеру мен несие беру мәселесін талқылады
85
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады. Кездесуде банктерді тексеру, қарыз жүктемесін азайту және несие беру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Politico.kz.

Биылғы сегіз айда агенттік қаржы секторында 279 инспекторлық тексеру жүргізген. Қадағалау шараларының нәтижесінде нарық субъектілеріне 465 млн теңге айыппұл салынған.

Мәдина Әбілқасымова 13 микроқаржы және коллекторлық ұйымның лицензиясы кері қайтарылғанын айтты. Алты мекеменің жұмысы уақытша тоқтатылып, төрт агенттік тізілімнен мүлдем шығарылған.

Кездесу барысында халықтың шамадан тыс қарыз алуын азайту шаралары қаралды. Жаңа реттеу тәсілдерінің арқасында жеті ай ішінде тұтынушылық несиенің өсімі 4,6%-ға дейін баяулаған. Бизнеске берілетін қарыз көлемі керісінше 3,5%-ға артып, 16 трлн теңгеге жеткенін агенттік төрағасы түсіндірді. Биыл кәсіпкерлікке жаңадан берілген несие көлемі 19,1%-ға өскен.

Қазіргі уақытта Қазақстан банктерінің активтері 6,9%-ға ұлғайып, 75,6 трлн теңгені құрап отыр. Капиталдың жеткіліктілік деңгейі 20,7%-ға жеткен. Банктер туралы жаңа заңды іске асыру аясында 80 нормативтік-құқықтық акт қабылданғаны туралы ақпарат берілді. Бұған қоса 2030 жылға дейінгі капитал және сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасы әзірленіп жатыр.

Мерзімі кешіктірілген берешекті ұжымдық реттеу мақсатында биыл шілдеде Finkelisimkz платформасы іске қосылған. Жыл соңына дейін азаматтардың шағымын қарайтын Бірыңғай қаржы омбудсмені кеңсесі ашылмақ.

Бұдан бөлек ведомство жасанды интеллект негізіндегі FinAI қадағалау платформасын құрғанын жеткізді. Жыл соңына қарай агенттік ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғауды көздейтін жаңа стратегияны таныстырады.

Жиын соңында Мемлекет басшысы экономиканың нақты секторларын несиелеуді арттыруды тапсырды. Ол қаржылық тұрақтылықты сақтау және салада жасанды интеллектіні кеңінен қолдану қажеттігін назарға алды. Президент капитал мен сақтандыру нарығын одан әрі дамыту жөнінде нақты міндеттер қойды.

Войдите, чтобы оставить комментарий