Тоқаев: «Ірі банктер бұл талапты орындамай отыр»

13.03.2026 16:43 Арман Ермеков
Тоқаев: «Ірі банктер бұл талапты орындамай отыр»
51
Фото: ТАСС

Ақордада өткен жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі ірі банктердің ортақ QR-төлем жүйесіне қосылу туралы заң талабын орындамай отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Digital Qazaqstan жобасын талқылауға арналған жұмыс кеңесінде президент Ұлттық банктің жаңа цифрлық қаржы инфрақұрылымын әзірлеп шығарғанын атап өтті.

«Азаматтарға арналған банк қызметтеріне айрықша тоқталғым келеді. Менің тапсырмаммен Ұлттық банк цифрлық қаржы инфрақұрылымын жасады. Оның аясында банкаралық QR-төлемдер және аударымдар, цифрлық теңгемен есеп айырысу қызметтері пайда болды. Бұл төлем тізбегіндегі делдалдар санын қысқарту арқылы шығынды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Банктер заң жүзінде аталған инфрақұрылымға қосылуға міндеттелді. Алайда ірі банктер бұл талапты созбалаңға салып, орындамай отыр», - деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар жиында отандық IT-бизнестің ауқымын кеңейту мәселесі сөз болды. Қазіргі таңда кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалып, IT қызметтер экспортынан түскен табыс бір миллиард долларға жуықтаған. Осыған орай президент зияткерлік өнім шығарып, оны шетелге сататын жобаларға мемлекеттік қолдау көрсету керектігін айтты. Бұдан бөлек үкіметке технологиялық дербестік пен экономикалық өсімді арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын өндіріске жаппай енгізуді ынталандыру тапсырылды.

Жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясында өткен отырыста премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мәдиев, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, қаржы министрі Мәди Такиев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев және көлік министрі Нұрлан Сауранбаев атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий