Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Кездесу барысында Ержан Сәденов елдегі криминогендік жағдай мен ішкі істер органдарының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде былтыр қылмыс саны 12,7 мыңға азайған. Әсіресе, кісі өлтіру, қарақшылық, тонау мен ұрлық сияқты ауыр қылмыс түрлерінің айтарлықтай төмендеуі байқалады.
Министр тергеудің заманауи әдістерін енгізу арқылы қылмыстың ашылу деңгейі жақсарғанын атап өтті. Сонымен қатар, 2024 жылы іздеуде жүрген 1949 қылмыскер ұсталған.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл шеңберінде 264 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Есірткі қылмысына қарсы күресте 22 тоннаға жуық есірткі тәркіленіп, 64 зертхана жойылған. Сондай-ақ интернет-алаяқтардың 65 миллион қоңырауы бұғатталып, 48 SIM-box анықталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында ІІМ-ге бірқатар нақты тапсырма берді.