Тоқаев Қатарға арнайы барып, елдің бұрынғы әмірінің қазасына көңіл айтты
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дохаға барып, Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге әкесінің дүниеден озуына байланысты жеке өзі көңіл айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы осыған дейін таңертең әмірге көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын. Кездесу барысында ол қуатты әрі өркендеген Қатар мемлекетін құруға марқұм шейх Хамад бен Халифа Әл Тәнидің өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.
"Қазіргі Қатардың көптеген айтулы тарихи жетістігі мен халықаралық аренадағы жоғары беделі оның есімімен тығыз байланысты. Шейх Хамад әлемдік ауқымдағы мемлекет қайраткері әрі қазақ халқының досы еді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар президент екі ел қарым-қатынасының дамуына шейх Хамадтың зор еңбек сіңіргенін еске алды.
Айта кетейік, бұрынғы әмір Қазақстанға 1999 және 2011 жылдары екі рет ресми сапармен келген. Оны алғашқы сапарында сол кезде сыртқы істер министрі қызметін атқарған Тоқаев қарсы алса, екінші келгенінде әуежайдан Қазақстанның тұңғыш президенті күтіп алған еді.
Тоқаев шейх Хамадтың бастамасымен Астанада әл-Фараби мешіті салынғанын және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірқатар әлеуметтік, инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асқанын айтып, екі ел арасындағы шынайы достық пен өзара түсіністік үшін ризашылығын білдірді.
"Осынау қаралы сәтте Алла Тағаладан марқұмның жаны жәннатта болуын сұрап, дұға етеміз", – деді Қазақстан президенті.
Өз кезегінде Қатар әмірі арнайы келіп қайғыларына ортақтасқаны үшін Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел халықтарының байланысы ерекше бауырластық сипатқа ие екенін жеткізді.
Фото: Ақорда
Кездесу барысында тараптар халықаралық ахуалды, соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдайды талқылады. Сондай-ақ Қазақстан басшысы шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниді өзіне қолайлы уақытта елімізге сапармен келуге шақырды, әмір бұл ұсынысты ықыласпен қабыл алды.
Еске сала кетейік, 2026 жылдың 12 шілдесінде 74 жасында қайтыс болған шейх Хамад бен Халифа Әл Тәни Қатарды 1995 жылдан 2013 жылға дейін басқарған 7-ші әмір. Ол өз елін әлемдегі ең бай және ықпалды мемлекеттердің біріне айналдырған тарихи тұлға саналады.
Соңғы жаңалықтар