Тоқаев «QazaqGaz» басшысымен кездесті

Тоқаев «QazaqGaz» басшысымен кездесті
14.07.2025 12:06
0
100
Ақорда

Президент Тоқаев «QazaqGaz» басшысын қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев «QazaqGaz» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешовті қабылдап, еліміздің газ саласындағы қазіргі ахуал мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп тыңдады.

Кездесу барысында Санжар Жаркешов елдегі газдандыру деңгейі бүгінде 62,4 пайызға жеткенін мәлімдеді. Соңғы үш жыл ішінде 1,7 миллион қазақстандық табиғи газға қол жеткізген. Президентке Жетісу облысындағы 66 елді мекенді газбен қамтамасыз ететін Талдықорған – Үшарал газ құбырының желілік бөлігі толықтай аяқталғаны туралы да баяндалды.

Бұдан бөлек, Қашаған кен орнында сұйытылған мұнай газын тиеу және фракциялау зауытының құрылысы басталған. Сонымен қатар Бейнеу – Бозой – Шымкент магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жобасы қолға алынып отыр. Түркиялық ESTA компаниясының қатысуымен құны 1,35 миллиард доллар болатын карбамид зауыты салынуда.

Кездесу барысында ресейлік көгілдір отынды Қазақстан арқылы Өзбекстанға тасымалдау көлемінің артуы да айтылды. Бұл саладағы маңызды жетістіктердің бірі саналады. Сондай-ақ Орта Азия – Орталық магистральдық газ құбырында жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының маңызы ерекше атап өтілді.

Президент тапсырмасына сәйкес, газдың ресурстық базасын дамыту бағытында «Аққұдық» және «Северный-2» учаскелерін игеру туралы келісімшарттар жасалған. Сонымен бірге CNPC компаниясымен бірге «Северный-1» учаскесінде барлау жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойылған.

Санжар Жаркешов Мемлекет басшысына газ саласына цифрлық шешімдерді енгізу жоспарымен де таныстырды. Оның ішінде NVIDIA компаниясының жаңа графикалық чиптерімен жабдықталған суперкомпьютерді қолдану жоспары бар.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жылыту маусымына тыңғылықты дайындалу және газ саласының әлеуетін жүйелі түрде арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий