Тоқаев Самұрық-Қазына басшысынан қор есебін сұрады

09.09.2026 16:55 Қарақат АСЫЛОВА
Тоқаев Самұрық-Қазына басшысынан қор есебін сұрады
44
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады. Кездесуде қор биыл құны 3,2 трлн теңге болатын инвестициялық жобаларды түйіндеуді жоспарлап отырғаны белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Президент қордың негізгі өндірістік және қаржылық көрсеткіштерімен танысты. Ол ірі инфрақұрылымдық жобалардың қалай жүзеге асып жатқаны туралы басқарма төрағасының есебін тыңдады.

Нұрлан Жақыпов биыл аяқталатын негізгі нысандарды атап өтті. Олардың қатарында бірнеше ауқымды жоба бар:

• Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерін салу;

• Алтынкөл – Жетіген, Бейнеу – Маңғыстау теміржол учаскелерін жаңғырту;

• Қашаған кен орнындағы газ өңдеу зауытының құрылысы;

• Алматыдағы екінші жылу электр орталығын жаңғырту;

• Түркістан облысында бу-газ қондырғысы мен гибридті электр станциясын салу.

Бұдан бөлек Астана қаласындағы деректерді өңдеу орталығының құрылысы мәресіне таяп қалды. Каспий теңізінің табанына талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеу жұмыстары да жақын арада толық аяқталады.

Қор басшысы алдағы жылдарға арналған инвестициялық портфель жөнінде де мәлімет берді. Жоспарға сәйкес, 2027-2029 жылдары 21 трлн теңгеге 38 жоба іске асырылмақ. Бұл орасан зор қаражат энергетика, мұнай-газ секторы, көлік және цифрлық инфрақұрылым салаларына бағытталады.

Жиын барысында қордың әлеуметтік бағыттағы жұмыстары да қаралды. Қазіргі уақытта медициналық және әлеуметтік нысандар салуға ерекше басымдық беріліп отыр.

Осы жұмыстардың нәтижесінде мүгедектігі бар балаларға арналған 55 орталық пен 46 инклюзия кабинеті ашылған. Қазір спорттық және білім беру инфрақұрылымын дамытуға назар аударылып жатыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қор жұмысының негізгі бағыттарына қатысты бірқатар нақты міндет жүктеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий