Тоқаев ШЫҰ даму банкін құру туралы бастаманы қолдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ даму банкін құру туралы бастаманы қолдады, деп хабарлайды POLITICO.KZ
Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпжақты ынтымақтастықты дамыту, өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету» тақырыбына арналған «ШЫҰ плюс» саммитінде сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ аясындағы қаржылық, экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған барлық үдеріске Қазақстанның белсенді қатысатынын мәлімдеді.
– ШЫҰ даму банкін құру туралы бастаманы құптаймыз. Оның Ұйымға мүше елдердің экономикасын өркендетуді мақсат ететін пайдалы қаржы институты болатынына сенімдіміз. Қазақстан өңірдегі өзара байланысты одан әрі нығайту ісіне жан-жақты жәрдемдесуге дайын. «Бір белдеу, бір жол» жобасын одан әрі дамытуға және оны Еуразиялық экономикалық одақпен, сондай-ақ Солтүстік – Оңтүстік, Орта дәліз бағыттарымен ұштастыруға мұқият мән беру қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, жасанды интеллектіні қолданудың ережесі мен этикалық стандарттарын әзірлеу өзекті мәселеге айналды.
Бұл ретте ол Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құрып, штаб-пәтерін Шанхайда орналастыру ұсынысына қолдау білдірді.
Соңғы жаңалықтар





