Тоқаев жаңа Салық кодексіне өзгерістер енгізуді тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне түзетулер енгізу қажеттігін мәлімдеді. Бұл туралы Президент Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты, деп хабарлайды Politico.kz
Президенттің сөзінше, ел экономикасы мен бизнес қауымдастығы жаңа салықтық ережелерге көшіп жатыр. Осыған байланысты Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар өтпелі кезеңнің даусыз әрі тұрақты өтуін қамтамасыз етуі тиіс.
«Жаңа Салық кодексін қолдануға қатысты қоғам тарапынан айтылып жатқан барлық орынды, сындарлы ұсыныстарды мұқият зерделеу қажет. Қажет болған жағдайда оған өзгерістер енгізу керек. Салық кодексі – қасиетті кітап емес, оны жетілдіруге әбден болады», – деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Ең көп талқыланған өзгерістердің бірі – қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесінің 12 пайыздан 16 пайызға дейін өсуі.
Сонымен қатар ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 40 миллион теңгеге дейін төмендетілді, бұл шағын және орта бизнеске тікелей әсер ететін маңызды норма саналады.
Соңғы жаңалықтар