Тоқаевпен кездесуді армандаған балаға Президенттің атынан сыйлық табысталды

02.06.2026 11:35 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаевпен кездесуді армандаған балаға Президенттің атынан сыйлық табысталды
206
Фото: instagram.com/jenis_qasymbek

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек LRT-ға мініп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді армандаған желі жұлдызы үш жасар Әміреге мемлекет басшысының атынан арнайы сыйлық пен алғыс хат табыстады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін кішкентай Әміренің елордадағы жеңіл рельсті көлікке алғаш рет мініп, бұл пойыз өзін тікелей мемлекет басшысына апарады деп шынайы сенген бейнежазбасы Қазнетте кеңінен тараған болатын. Сапар барысында президентті көремін деп асыға күткен бүлдіршін жол аяқталып, кездесу өтпей қалған кезде көз жасына ерік берген еді. Көпшіліктің жүрегін елжіреткен бұл оқиғадан кейін Халықаралық балаларды қорғау күніне орай шаһар басшысы баланы арнайы қабылдап,оның көңілін көтерді.

«Халықаралық балаларды қорғау күні LRT-ға алғаш мінген сәті түсірілген бейнероликтің кейіпкері – үш жасар Әміремен кездестім.
Қазақстандықтардың көбісі Әміренің LRT оны ел Президентімен кездесуге апаратынына шынайы сенген видеосын тамашалады. Оның балалық аңғалдығы, кіршіксіз көңілі мен қарапайымдылығы көпшілікті баурап алды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Әміреге Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын, сондай-ақ естелік сыйлықтар табыстадым.
Мұндай сәттер арманыңа қанат бітіріп, жақсылыққа сенуді, өмірдің әрбір қарапайым сәтіне балаша қуана алу қасиетін жоғалтпау керектігін тағы бір мәрте еске салады. Мына әлемді балалардың пәк күлкісі мен шынайы сезімі нұрландыра түседі. Әміреге мықты денсаулық, армандарының орындалғанын және шаттыққа толы бақытты балалық шақ тілеймін!», – деп жазды Жеңіс Қасымбек өзінің инстаграмдағы парақшасында.

Войдите, чтобы оставить комментарий