Тоқаевтың шешімі NVIDIA басшысының назарын аударды
NVIDIA басшысы Тоқаевтың жасанды интеллектке қатысты ұстанымын ерекше атады, деп хабарлайды Politico.kz.
NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Дженсен Хуанг Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектіні дамытуды ұлттық басымдық деп жариялауын ерекше атап өтті. Астанаға алғаш рет келген Хуанг Қазақстанның бұл бағыттағы бастамаларына жоғары баға берді.
«Қазақстан мен барған елдердің ішінде Президенті жасанды интеллектіні дамытуды ұлттық басымдық деп жариялаған алғашқы мемлекет болды. Жасанды интеллект елдеріңізге дамудың жаңа деңгейіне көтерілуге көмектеседі. Адамдардың мүмкіндігін кеңейтіп, компаниялардың әлемдік нарықта бәсекеге түсіп, қызмет ауқымын ұлғайтуына жол ашады. Жасанды интеллект қоғамдарыңызды өзгертеді», деді Дженсен Хуанг.
Оның айтуынша, жаңа технологиялар қазақстандықтарға тың мүмкіндіктер ашып, отандық бизнестің дамуына және халықаралық нарыққа шығуына көмектеседі.
«Кез келген елдің ең құнды байлығы оның мәдениеті мен халқының ақыл-ойы. Қазақстандық әзірлеушілер, кәсіпкерлер мен студенттердің қазір өздерінің қазақстандық жасанды интеллектісін жасауға сирек мүмкіндік туып отыр. Осындай өршіл мақсат пен мықты ғылыми және инженерлік базаның арқасында Қазақстан жаңа стартаптарды іске қосып, тұтас салаларды өзгерте алады. Бұл жас ұрпаққа жаңа мүмкіндіктер ашады», деді NVIDIA басшысы.
Дженсен Хуангқа «alem.ai» орталығына барған кезде «Physical AI» жаһандық хабын құру жоспары да таныстырылды.
Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстан қажетті инфрақұрылымды дамытып, мамандар даярлап жатыр. Жаңа технологиялық әзірлемелерге жағдай жасалуда.
NVIDIA басшысының сапары Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы жоспарлары әлемдік технология көшбасшыларының назарын аударып отырғанын көрсетті.
Жасанды интеллект қазірдің өзінде әлемдік экономиканы өзгертіп жатыр. Қазақстан бұл үдеріске белсенді қатысуды көздеп, жаңа технологияларды енгізу үшін қажетті жағдай жасап келеді.
Еске салайық, Дженсен Хуанг Астанаға алғаш рет сапармен келді. Қазақстанда 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланған.
Соңғы жаңалықтар