Трамп Путинмен сөйлесу нәтижесін айтты

Трамп Путинмен сөйлесу нәтижесін айтты
20.05.2025 09:04
0
244
Фото: Drew Angerer, Gavrill Grigorov, AFP
Дональд Трамп Truth Social желісінде Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлескенін мәлімдеді

Дональд Трамп Путинмен телефон арқылы сөйлескенін және Украинадағы соғысты тоқтату туралы келіссөздер басталатынын мәлімдеді

АҚШ-тың президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Ресей президенті Владимир Путинмен екі сағатқа созылған телефон әңгімесін аяқтағанын мәлімдеді. Трамптың айтуынша, бұл келіссөз «өте жақсы өтті» деп бағаланған.

Ол Ресей мен Украинаның дереу атысты тоқтату туралы келіссөздерді бастайтынын, тіпті одан да маңыздысы – соғысты толығымен аяқтауға қатысты келіссөздер жүргізетінін атап өткен. «Келіссөздер шарттары екі тарап арасында келісіледі – бұл дұрыс та, өйткені келіссөздер процесінің егжей-тегжейін тек олар ғана біледі, бұл ешкімге қолжетімді емес», — деп жазды Трамп. Сондай-ақ, ол әңгіменің тоны мен рухы «тамаша» болғанын, егер олай болмаса, бұл туралы кейін емес, қазір айтатынын жеткізді.

Трамптың хабарлауынша, Ресей осы апатты «қанды қырғын» аяқталғаннан кейін Америка Құрама Штаттарымен ауқымды САУДА қарым-қатынасын орнатуға ниетті, және бұл идеяны ол толығымен қолдайды. «Ресейде жұмыс орындарын құруға және әл-ауқатты арттыруға орасан зор мүмкіндіктер бар. Оның әлеуеті – ШЕКСІЗ», — деп баса айтты Трамп. Сондай-ақ, ол Украина да өз елін қалпына келтіру процесінде сауда қарым-қатынастарының ірі бенефициары бола алатынын айтқан.

Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер дереу басталатынын мәлімдеген Дональд Трамп, Владимир Путинмен әңгімелескеннен кейін бірден Украина Президенті Владимир Зеленскийге, Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйенге, Франция Президенті Эммануэль Макронға, Италия Премьер-министрі Джорджа Мелониге, Германия Канцлері Фридрих Мерцке және Финляндия Президенті Александр Стуббқа телефон арқылы хабарлаған.

Рим Папасының сөзіне сүйенсек, Ватикан бұл келіссөздерді өз аумағында өткізуге зор қызығушылық танытқан.

«Процесс басталсын!» — деп аяқтады Дональд Трамп өзінің Truth Social желісіндегі жазбасын.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий