Түркістан облысындағы 16 жастағы зорланған қыз қайтыс болды
Түркістан облысы Төрткүл ауылында 16 жастағы жасөспірім қыздың қаза болуына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі жабық форматта өтетін болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Тергеу материалдарына сәйкес, іс «Адам өлтіру», «Зорлау» және «Зорлық әрекеттер жасау» баптары бойынша қаралуда. Түркістан облыстық сотының баспасөз хатшысы Заманбек Исмаилдың otyrar.kz порталына хабарлауынша, сот Қылмыстық-процестік кодекстің 29-бабының 1-бөлігіне сүйене отырып, сот отырысын жабық түрде өткізуді орынды деп санаған. Бұл шешім кәмелетке толмаған жәбірленушінің жеке өмірі мен моральдық құндылықтарын қорғау мақсатында қабылданған.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың 5-інен 6-маусымға қараған түні болған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қыз кешкі уақытта дүкеннен үйіне қайтып келе жатқан сәтте жоғалып кеткен. Туыстары мен ауылдастары полициямен бірге оны түні бойы іздеп, таңертең ғана оның денесін жол жиегіндегі балабақша қоршауының жанынан тапқан. Бұл оқиға бүкіл өңір жұртшылығын дүр сілкіндіріп, қоғамда жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен жауапкершілік мәселесіне қатысты кең талқылау туғызды.
Қазіргі таңда іс бойынша тергеу мен сот талқылауы жалғасуда. Тергеу органдары мен прокуратура істің толық әрі әділ қаралуына кепілдік беріп, қоғамға ресми ақпаратты тек заңды арналар арқылы ғана таратуды сұрауда.
Соңғы жаңалықтар