Түркістандық фельдшер Ватсапта топ ашқаны үшін жындыханаға жабылғанын айтты

26.05.2026 18:58 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Түркістандық фельдшер Ватсапта топ ашқаны үшін жындыханаға жабылғанын айтты
280
Фото: жәбірленушінің жіберген суреттерінен

Түркістан қаласының 31 жастағы тұрғыны әрі бұрынғы фельдшер Өмірбек Мухаммад Әділбекұлы медицина қызметкерлерінің құқығын қорғамақ болғаны үшін полицияның қысымына ұшырап, жындыханаға заңсыз қамалғанын мәлімдеп Politico.kz-тің редакциясына шықты.

Оның сөзіне қарағанда, бәріне медицина қызметкерлерінің басын қосып, олардың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін WhatsApp-та чат ашқаны және eGov арқылы Парламент пен министрліктерге ресми өтініш жолдағаны себеп болған. Осы бастамадан кейін үйіне полиция бірнеше рет келіп, топты жабуды талап еткен.

Мухаммадтың айтуынша, 2025 жылғы 5 желтоқсанда екі учаскелік полицей оны түсініктеме алу сылтауымен қалалық полиция басқаруына алып кетіп, жедел уәкілдер 3 сағат бойы «үкіметке қарсы шығып жүрсің», «халыққа үгіт-насихат жүргізіп отырсың» деп психологиялық қысым жасаған. Тергеу кезінде Мухаммадтың денсаулығы сыр беріп, жедел жәрдем шақырылғанымен, оны жергілікті ауруханаға емес, бірден Шымкенттегі психиатриялық орталыққа апарған.

Қабылдау бөліміндегі дәрігерлер оны тек 48 сағат бақылайтынын айтып сендірген. Алайда уәделі уақыт өткен соң дәрігерлер оған егер өз еркімен 10–15 күн жатуға келіспесе, сот арқылы еріксіз жатқызып, шизофрения диагнозымен күштеп дәрі егетінін айтып қорқытқан. Болашағына алаңдаған азамат амалсыз келісім бергенімен, оны 37 күн бойы ешкіммен, тіпті әкесімен де байланыстырмай қамап ұстап, 2026 жылғы 12 қаңтарда ғана «жынды» деген диспансерлік есеппен босатқан.

Диспансерден шыққан соң Мухаммад өзімен 2 жылдан бері бірге тұрмайтын анасы Анар Кенжеханованың Е-Өтініш арқылы үстінен арыз жазғанын білген. Кейін телефондағы видеолар арқылы анықталғандай, мектеп директоры мен құзырлы органдар анасына «балаң бүлікші, не сотталады, не емделеді» деп қысым жасап, өздері дайындаған арызға мәжбүрлеп қол қойдырған екен.

Ауруханадан шыққан соң Мухаммад Астанаға келіп, тәуелсіз сот-психиатриялық мамандардың ақылы сараптамасынан өтіп, бойында ешқандай психикалық ауытқу жоқ екенін заңды түрде дәлелдеп шықты.

Қазіргі таңда Мухаммад өзін заңсыз есептен шығаруды, бұзылған құқықтарын қалпына келтіруді және осы іске қатысы бар полиция мен диспансер қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді талап етіп отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий