TWP: Трамп шынымен бейбітшілікті қаласа, Путин мен Нетаньяхуға қысым жасауы тиіс

АҚШ-тың беделді The Washington Post басылымы редакциясының мақаласында Дональд Трамптың бейбітшілік орнату жолындағы әрекеттері сынға алынды. Басылымның пайымдауынша, Трамп шын мәнінде Украина мен Газа секторындағы соғысты тоқтатқысы келсе, Ресей президенті Владимир Путин мен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға нақты қысым жасауы тиіс, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Мақалада Трамптың екі қақтығысты — Украина мен Газа секторындағы соғысты — қысқа мерзімде тоқтатуға уәде бергені еске салынады. Алайда іске келгенде, ол екі көшбасшыны да — Путин мен Нетаньяхуды — сынға алуға батылы жетпей отырғаны жазылған.
Басылым Газа секторындағы жағдайға тоқталып, Израиль мен ХАМАС арасындағы уақытша бітімнің Трамп әкімшілігі басталғаннан кейін құлағанын атап өтеді. Нетаньяху бітімді ұзартудың орнына анклавқа жаппай шабуылын қайта жандандырған. Сейсенбі күні ғана 400-ден астам палестиналық қаза тапты, бұл — соғыстың ең қанқұйлы күндерінің бірі болған.
Украина мәселесінде де жағдай күрделі. Трамп пен Путин арасындағы 2,5 сағаттық телефон әңгімесінен соң тараптар энергетикалық инфрақұрылымға соққы жасамауға уақытша келісімге келген. Алайда The Washington Post бұл келісімді Путин үшін тек қаржылық үзіліс деп бағалап отыр. Ресей өз шабуылдарын сол бойы жалғастырған.
«Путин шынайы бейбітшілікке емес, тек бейбіт көрінуге тырысады. Ол ешнәрсе берместен, өзіне тиімді жағдайды алып отыр», – деп жазады мақала авторлары.
Нетаньяху да жағдайды пайдаланып отыр. Ол ХАМАС-ты толық жоюды, сыртқы бақылаушыларды жолатпауды және Израиль әскерінің Газа секторында қалуын талап етуде. Бұл оның максимумға жетуге бағытталған тактикасы.
Мақалада Путиннің де ультимативті талаптары бар екені айтылған. Ол Украинаның НАТО-ға қосылмауын, Еуропалық бітімгерлердің келмеуін және Украинаның әскери әлеуетінің әлсіреуін көздейді.
The Washington Post редакциясы: «Егер Трамп өзін шынайы бітімгер ретінде көрсеткісі келсе, ол Ресей мен Израильге нақты талаптар қойып, әділ келіссөз жүргізуге тиіс» деп қорытындылайды.
Соңғы жаңалықтар





