Ұлттық қауіпсіздік комитеті қазан айында 83 жемқордың жолын кесті
Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2025 жылғы қазан айындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл нәтижелерімен бөлісті. Комитеттің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі өткен айда 83 құқық бұзушылықты есепке алған. Бұл деректердің арасында парақорлық пен алаяқтық баптары жиі кездеседі. Осыған қоса, тергеуі аяқталған 54 қылмыстық іс сот қарауына жөнелтілді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Қызметтің есебінше, 83 құқық бұзушылықтың негізгі үлесі парақорлыққа қатысты. Мысалы, пара алу (ҚК 366-бабы) бойынша – 26, пара беру (ҚK 367-бабы) – 11 және парақорлыққа делдал болу (ҚК 368-бабы) бойынша 4 дерек тіркеуге алынған.
Екінші орында алаяқтық (ҚК 190-бабы) тұр, бұл бап бойынша 16 іс қозғалды. Сондай-ақ, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу (ҚК 189-бабы) деректері 12-ге жетті.
Билiктi асыра пайдалану (ҚК 362-бабы) – 3, лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану (ҚК 361-бабы) – 2, заңсыз көші-қонды ұйымдастыру (ҚК 394-бабы) – 2 және қылмысты жасыру (ҚК 433-бабы) – 2 жағдайы анықталды.
Бұдан бөлек, алдау арқылы мүлiктiк залал келтiру (ҚК 195-бабы), ақпаратты заңсыз жою (ҚК 206-бабы), кәсіпкерлікке заңсыз қатысу (ҚК 364-бабы), билік өкiлiне күш қолдану (ҚК 380-бабы) және көрiнеу заңсыз ұстап алу (ҚК 414-бабы) баптары бойынша бір-бір оқиға есепке алынды.
Сотқа жолданған 54 қылмыстық істің арасында да парақорлық пен алаяқтық басым. Сот қарауына түскен істердің 19-ы пара алу (ҚК 366-бабы), 17-сі алаяқтық (ҚК 190-бабы) бабы бойынша тергелген. Сонымен қатар, пара беру (ҚК 367-бабы) – 11, парақорлыққа делдал болу (ҚК 368-бабы) – 5, бөтен мүлiктi иемденiп алу (ҚК 189-бабы) – 1 және жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты бұзу (ҚК 147-бабы) – 1 іс сотқа жөнелтілді.
Аталған бағыттағы жұмыс жалғасуда.
Соңғы жаңалықтар