«Ұлтжанды тұлға еді»: Тоқаев академик Жабайхан Әбділдиннің отбасына көңіл айтты

03.12.2025 15:48 Арман Ермеков
«Ұлтжанды тұлға еді»: Тоқаев академик Жабайхан Әбділдиннің отбасына көңіл айтты
0
84
коллаж Politico.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ ғылымының абызы, көрнекті қоғам қайраткері Жабайхан Әбділдиннің дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен жақын туыстарына жеделхат жолдап, қайғыларына ортақтасты, деп хабарлайды Politico.kz.

Президент өз жеделхатында Мемлекеттік сыйлықтың, «Парасат» және «Барыс» ордендерінің иегері болған ғалымның адами болмысы мен кәсіби биігіне жоғары баға берді.

«Жабайхан Мүбәрәкұлы философия ілімінің өрісін кеңейткен күллі ғылым қоғамдастығына танымал ғалым, ұлтжанды тұлға еді. Ұстаздық жолында сүбелі еңбектер жазып, зерделі шәкірттер тәрбиеледі. Ел егемендігін нығайтуға елеулі үлес қосып, іргелі істерге белсене атсалысты», – деп жазылған Мемлекет басшысының хатында.

Еске сала кетейік, Ұлттық ғылым академиясының академигі, философ ғалым 93 жасына қараған шағында өмірден озды. Суық хабарды Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жеткізген болатын.

Белгілі болғандай, Жабайхан Мүбәрәкұлы Түркияның Ыстамбұл қаласында ем қабылдап жатқан жерінде көз жұмған. Марқұмның денесі бейсенбі күні таңғы рейспен елге жеткізіледі деп күтілуде.

Алаш арыстарын ақтауда ерен еңбек сіңірген тұлғаны ақтық сапарға шығару рәсімі 5 желтоқсан, қасиетті жұма күні Астана қаласындағы Республикалық бас мешітте өтеді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий