Ұлытау облысының жаңа әкімі «Қазақмыс» нысандарын аралап, ірі жобалармен танысты

26.07.2026 12:31 Қарақат АСЫЛОВА
Ұлытау облысының жаңа әкімі «Қазақмыс» нысандарын аралап, ірі жобалармен танысты
60

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен өңірге жұмыс сапары аясында «Қазақмыс» тобының өндірістік, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарын аралады, деп хабарлайды Politico.kz.

Делегация құрамында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі мен компания басшылығы болды.

Сапар барысында облыс әкімі Батыс Жезқазған кенішіндегі №67 шахтаның жұмысымен танысып, кен өндіру үдерісі, заманауи техника және өндірістік қауіпсіздік шараларын көрді. Сондай-ақ «Қазақмыс Барлау» ЖШС-ның бұрғылау алаңында жүргізіліп жатқан геологиялық барлау жұмыстары таныстырылды. Компания өңірдің минералдық-шикізат қорын толықтыру мақсатында 50 мың қума метрден астам аумаққа бұрғылау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.

Делегация Сәтбаев қаласында салынып жатқан жаңа травматологиялық пункттің құрылыс барысын да көрді. Медициналық нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар Кенші даңқы алаңындағы абаттандыру жұмыстары мен кеншілерге арналған қоғамдық кеңістікті жаңғырту жобасы таныстырылды.

Жұмыс сапары кезінде болашақ геологиялық кластердің жобасы да ұсынылды. Ол «Ұлытау университетімен» бірлесіп, тау-кен саласына жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған ғылыми-білім беру орталығы болмақ.

Өңір басшысы сондай-ақ NAMYS спорт кешеніне барып, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт академиясын ашу жоспарын талқылады. Құны 8,1 млрд теңге болатын жоба аясында 150–200 балаға арналған заманауи кешен салынбақ. Академияны 2026 жылдың қыркүйегінде іске қосу көзделген.

Бұдан бөлек, әкім Сәтбаевтағы «Жастар» саябағын қайта жаңғырту жобасымен танысты. Құны 4,9 млрд теңге болатын жоба аясында жаяу және велосипед жолдары, субұрқақ, балалар алаңдары салынып, аумақ толық көгалдандырылады. Жобаны 2026 жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған.

Сапар қорытындысында облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» басшылығы өнеркәсіп, геологиялық барлау, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Войдите, чтобы оставить комментарий