ҰҚК Талғарда қылмыстық істі жапқаны үшін тегін демалыс сұраған полицейлерді ұстады

04.09.2026 11:38 Абзал БАХЫТЖАНОВ
ҰҚК Талғарда қылмыстық істі жапқаны үшін тегін демалыс сұраған полицейлерді ұстады
146
Фото: Politico.kz

Алматы облысының Талғар ауданында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) қызметкерлері екі полицейді құрықтады. Тәртіп сақшылары қылмыстық істі тоқтатқаны үшін демалыс базасында тегін қызмет көрсетуді талап еткен, деп хабарлайды hronika.kz басылымы.

ҰҚК департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мен Алматы облыстық полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы бірлескен операция жүргізді. Нәтижесінде 2 қыркүйек күні Талғар аудандық полиция басқармасының екі қызметкері ұсталды.

Басылым мәліметіне сүйенсек, 31 шілдеде жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне «А» есімді азамат шағым түсірген. Ол полицейлердің демалыс орнында өздеріне тегін қызметтер ұсынуды талап етіп отырғанын жеткізген. Сұралған жеңілдіктер қатарында кіру билеттері, мейрамхана қызметі және тұратын үйлер болған.

Олар бұл сыйақыны кешен аумағында демалушының жарақат алу дерегіне қатысты істі жапқаны үшін сұраған. Алайда аталған қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты 27 шілдеде тоқтатылып қойған еді.

Қазір күдіктілердің жұмыс орнында тінту шаралары өтті. Осы оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Войдите, чтобы оставить комментарий